Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ақын — жазушыларымыздың мақалаларымен, халқымыздың ұлттық салт — дәстүрлеріміз бен тіліміз, музыкамыз бен жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» — деген болатын. Осы орайда ұлтқа арналған ғұмырларды, Алаш арыстарының ұлт үшін жасаған еңбегін насихаттау, ұлт зиялыларының өмірі мен еңбектерімен танысу біз үшін үлкен міндет.
«Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба, сен, мені?
Мен — қазақтың баласы!», — деп Қасым ақын жырлағандай Тәуелсіздікпен бірге қазақ елі ғасырлар бойы қамыт болған бодандық түнегін сыпыра оянды. Сол тұста кешегі зұлмат жылдары сұраусыз атылып, асылып кеткен қаншама ақиық ақындар, патриот тұлғалар көп болған-ды. Олардың тарихи, әдеби шығармалары өскелең жас ұрпаққа жетіп, рух өзегінен қанып су ішкен-ді.
XX ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық — саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, қазақ халқын алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Соның бірі мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның бәрін жұрттың санасына демократиялық ойларды сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан, «Оян,қазақ!» деп жар салған «Қазақтың бес асылы» еді. Ең алғаш «Алаш автономиясын» құруда өз үлесін қосқан қазақ әдебиетінің бес арысы – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаевтардың қосқан еңбектері көп болды. Алаштың бес арысы туралы бүкіл қазақ халқы білетіні хақ. Олар білім саласында, жалпы ұлттың руханият саласында ерен еңбек еткен. Олардың қаламынан туған туындыларда әлеуметтік – қоғамдық жағдайлар, қазақ халқының азаттығы мен теңдігі кең орын алған. Ал осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов болған.
Ахмет Байтұрсынов (1873-1937) 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келеді. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы намысқой, сергек, еті тірі адам болады. Сол себепті Байтұрсын мен оның ағайындары патша өкіметінің өкілі — уезд бастығын соққыға жығып, түрмеге қамалады. Бұл оқиға он жасар бала Ахметтің санасына қатты әсер етеді. Мәселенің түп негізін толық ұқпағанымен, ол өмірдегі әділетсіздік пен зорлық — зомбылықты, әлеуметтік теңсіздікті көзімен көріп, көңіліне ой ұялатады. Ол аса көрнекті ғалым, ақын, түркітанушы, көрсемсөзші, ағартушы, аудармашы-ұстаз, қоғам қайраткері, публицист-журналист, ҚазПИ-дің профессоры, этнограф, фольклорист, композитор әрі орындаушы, қазақ тілі білімі, алфавиті, баспасөзі және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы, қазақ әліппесін (төте жазу) жасаушы болған, алғашқы оқу құралын жазған. Қазақ поэзиясына өзіндік жаңалық, ою-өрнек әкелген «Маса» жинағы А. Байтұрсыновтың ағартушылық, демократтық, гуманистік идеяларын халыққа жеткізеді.1913 жылдан 1917 жылға дейін М. Дулатовпен бірге «Қазақ» газетін шығарады. Саяси бағыттағы мақалалары патша үкіметі орындарына жақпаған басылымның редакторы ретінде А. Байтұрсынов бірнеше рет түрмеге жабылады. Еңбектері: «Қырық мысал» (Петербург, 1909); «Маса» (өлеңдер жинағы, Орынбор,1911); «Тіл құрал» (3 бөлімнен тұрады Орынбор, 1924); Әдебиет танытқыш (Ташкент, 1926); Баяншы (Методикалық жазбалар, Қазан, 1920); Тіл жұмсар (2 бөлімнен тұрады.); Оқу құралы (Балалар әліппесі); Әліппе (Орынбор, 1912); Сауаташқыш (Ересектер әліппесі, Орынбор, 1914); Әліппе-астар (Әліппеге методикалық нұсқау); Оқу құрал (хрестоматия); «Ер Сайын» жыры (Москва,1923); «23 жоқтау» (Москва,1926).
Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде шілденің 11 жұлдызында дүниеге келген. Ол ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор болып, әртүрлі салаларға өзіндік үлесін қосқан. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді. Оның еңбектері: «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», «Қалжыңбас», «Тойымсыз нәпсі» сияқты дидакалық өлең-жырларында боямалы ажарлы, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады. Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп («Анық асық әулие», «Шын сырым»), адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндейді («Жастарға»), 1905 жылы Шәкерім қажылық сапар шекті. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырды. Стамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқыды. Осылай жинаған материалдар негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі»кітабын, қисындарын халық мүддесіне түсіндіру мақсатымен 1911 жылы «Мұсылмандық шарты» деген еңбек жазды.
Жүсіпбек Аймаутов (1890-1931) Павлодар облысының, Баянауыл ауданына қарасты қазіргі Жүсіпбек Аймаутов ауылында дүниеге келді. «Екі заман шекарасында туған халқының ақылы, ойы, ары, баскөтерері болып, оның қамы үшін, тағдыры мен болашағы үшін бастарын тауға да, тасқа да соғып, ақыры бір кездерде біздің елді жайлаған зорлық-зомбылық дертінің құрбаны болып кеткен арыстарымыздың қатарында Жүсіпбек Аймауытов та бар. Жалпы көпшілік ұмыта бастаған, тек есімдері мен істері бірен-саран көзі ашық зиялылардың ғана есінде қалған тұста, олардың біртіндеп емес, топ-тобымен ел ортасына қайтып оралуы елі мен ерін бөлмейтін азаматтық ойы бар жандарды қалай тебірентпес!» -деген Серік Қирабаетың пікіріне қосыламын.
Ж.Аймауытовтың гуманистік тұрғыдағы ағартушылық көзқарастары қоғамдағы әйел мәселесін де жан-жақты зерттей қарастыруынан анық байқалады. Себебі, ең жақсы кісілік қасиеттерінің барлығы адам бойына ананың ақ сүтімен дариды. Осы ойларын ол былай түйіндеген еді: «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болмайтын бір шарт — жас күнінде көрген өнеге, ол өнеге әке-шешенің тәрбиесі болуы керек. Ата-ананың берген тәрбиесі — баланың мінезіне салған ірге. Жасынан сіңген мінезді есейгенде жоғалтуға, басқа бір күшпен болмаса, болмайды. «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді» деген сөз ата-ананың тәрбиесінің күштілігін көрсетеді. Бірақ бұл мақал тәрбие мен мінезді түзетуге болмайды деген емес. Балаға қайырымдылықты, кішіпейілділікті, үлкен көңілділікті, әділеттілікті, әдепсіздікті, шыдамсыздықты, күйгелектікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім? Ол, әрине, ата-ананың тәрбиесі».
«Ақбілек» романында бұл тақырыпты өзінше ашуға тырысты. Бас кейіпкерді тек періште етіп көрсете бермей, өмірдегі бар болмыс-бітімімен, өзіндік табиғи тіршілігімен, яғни пендешілік қателіктерімен қаз-қалпында бейнелейді. Шешесін өлтіріп, өзін зорлықпен алып кеткен ақ офицердің озбырлығына үнсіз көндіккен Ақбілектің жан дүниесіндегі күрделі құбылыстарды Жүсіпбек психологиялық тұрғыдан терең талдап, шебер береді. Романдағы барлық оқиға Ақбілектің айналасында өтеді және оның ойы арқылы өрбиді. Жүсіпбек Аймауытов қазақ қоғамының даму, өзгеру диалектикасын өте жақсы түсінген. Идеология қалыбы қанша қатты қысса да, оған бой бермей, ғылымда, әсіресе қоғамдық ғылымда объективтілік керек екендігін мойындаған. Өз замандасы М.Жұмабаевтың өлеңдерін «ұлтшылдыққа» теліген шақта араша түсіп, былай деді: «Мағжанның туып-өскен, тәрбие алған әлеуметі — қазақ. Мағжан тұсындағы қазақтың әлеумет құрылысы қандай еді? Ата-анаға, ру-руға бөлініп, руды ақсақал, би, болыс, тілмаш билеген, орысша айтсақ, «патриархат» құрылыс еді.
Міржақып Дулатов (1885-1935) — ХХ ғасырдың басында ем таба алмай дертіне, «Оян, қазақ!» деп жар салған, бойкүйездік басқан халқын отты өлеңімен оятып, өнер-білімге, еркіндікке үндеген Міржақып Дулатұлы бұрынғы Торғай уезінің Сарқопа болысының үшінші болысында дүниеге келген. Оныңиқоғамдық-саяси қызметі 1905 жылы Қарқара жәрмеңкесінде қазақтардың Ресей патшасына тарихи құзырхат жазған кезінен басталған. Осы құзырхатты ұйымдастырушылардың бірі Міржақып болған. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының өзекті мәселелерін күн тәртібіне шығарған және қазақ зиялыларының еркін пікір алаңына айналған «Қазақ» газеті 1913 жылы жарық көре бастағанда оның басы-қасында бас редактор Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметінде Міржақып Дулатұлы болды. Міржақып Дулатұлы 1917 жылы құрылған Алашорда үкіметінің белді мүшесі, Алашорда үкіметінің бағдарламасын жасағандардың бірі болғаны тарихи деректерден белгілі. Ол 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс зардабын тартып, қырғынға ұшырап, босқынға айналған елге көмектесу мақсатында, Семей қаласында, қазақ тарихындағы ең алғашқы «Жанар» жәрдем қорын ұйымдастырғандардың бірі.
Міржақып Дулатұлы 1928-ші жылы желтоқсан айында қамауға алынып, екі жылдан кейін ату жазасына кесілді. Кейін сот үкімі он жыл абақты жазасымен ауыстырылады. Беломор-Балтық арнасының құрылысы бойында, Сосновск станциясындағы жазалау лагерінде жазасын өтеген Міржақып Дулатұлы 1935 жылы осы лагерде ауыр науқастан көз жұмады. Тарихи деректер бойынша, Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» өлең кітабы 1909 жылы Қазан қаласындағы «Шарқ» баспасынан шыққан. Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша, «Оян, қазақ» кітабы ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы түрлі топтардың бәрінің көңілінен шыққан.
Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) — қазақ әдебиетінің класигі. Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығын зерттеу мәселелеріне шолу жасай отырып ақынның адам, қоғам, дінтану мәселесі жүйелі түрде жеке зерттелмегенінің куәсі боламыз. Ақын шығармашылығында Адам – Қоғам – Дін мәселелері ең өзекті тақырыптар. Бұл мәселелер оның поэзиясының дүниетанымдық және идеялық күретамырлары болып табылады. Ақын мақсаты адамды жөңдеу, қоғамды түзету және Жаратушыны тану. Осы құндылықтарды поэзиялық сипаттау, талдау, түсіндіру, уағыздау арқылы ақын қазақ халқына дұрыс өмір сүруді үйретуге ұмтылады. Ақын поэзиясының осындай терең тақырыптық, идеялық маңызы оның бүгінгі күн үшін, қазіргі халық үшін қажеттілігін анықтайды. Сол себепті, Шәкәрім шығармашылығындағы Адам – Қоғам – Жар – Жаратушы, және дінтану мәселелерінің поэзиялық бейленелуін, көркемдік шешім табуын дара зерттеу қазақ әдебиеті үшін кезек күттірмейтін қажеттілік деп білеміз. Қазақ әдебиеттануында Шәкәрім мұрасына байланысты бұл мәселелер жеке зерттелген жоқ. Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының поэтикалық ерекшеліктерін ашу үшін оның дүниетанымына бойлау, ақыл-ойын қалыптастырған негіздерді саралау, сол арқылы қазақтың өлең өрнегіндегі өзіндік нақышын, даралық стилін сараптау міндет болып табылады. Сөз зергерінің көркемдік жүйесінің қалыптасуындағы дәстүрдің ролін ұлттық фольклор мен жыраулар поэзиясының, сондай-ақ батыс пен шығыс мәдениетінің әсер ықпалын талдау арқылы оның шығармашылық жолының өсу, көркемдік поэтикасының сапалық белгілерінің қалыптасу бағыттарын сараптау. Ең алдымен қаламгердің Абай шығармаларымен тақырыптық және поэтикалық үндестігін сараптау арқылы ұлы ұстазынан үйрене отырып, өзгеше көркемдік әлем қалыптастырған даралық сипатын анықтау. Екі шығармашылық тұлғаның тақырыптық, мазмұндық, идеялық, ұстанымдық және дүниетанымдық сабақтастығынан туындайтын сөз кестелері мен көркемдік амал-тәсілдерінде, өлең өрнектерінде бедерленетін ерекше қолтаңбаларын айқындау. Адам образын бейнелеуде Шәкәрім поэзиясындағы психологизм сипатын, адамның ішкі жан дүние сапаларын тірілту, жандандыру арқылы ерекше мәнде суреттеу тәсілін қалыптастырғандығы, сол арқылы «адамды түзету» идеясын көздегені, ал жеке адамның ішкі сапасының артуы бүкіл қоғамның болмысын айқындайтындығын шығармалары арқылы баян еткендігі талданады. Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық поэтикасы өзіндік ерекшелігі бар күрделі көркем жүйе. Ақын туындыларының көркемдік келбетін құрайтын компоненттер оның күрделі дүниетанымымен ғаламдық сипаттағы ой-танымымен тамырлас. Өйткені ұлттық құндылықтарды ғана емес, адамзаттық ақыл-ой жетістіктерін еркін игерген ғұлама ойшыл қазақ өлеңінің көркемдік деңгейін де биікке көтере білген. Өзінің «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», «Қалжыңбас», «Тойымсыз нәпсі» сияқты дидакалық өлең-жырларында боямалы ажарлы, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады. Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп («Анық асық әулие», «Шын сырым»), адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндейді.
Мағжан Жұмабаев (1893-1938) — бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Плуденовский болысында дүниеге келді. Күллі алаш жұртының даңқты перзенті, күрескер тұлғалы кемеңгер ақыны – Мағжан Жұмабаев (Әбілмағжан Бекенұлы). «Ақынның ақыны» атанған ойшыл қаламгер болашақ жайлы жиі ой қозғайтын. Бар болғаны қырық бес жыл ғұмыр кешкен данышпан ақын барлық тақырыптарда өлеңдер мен ой- толғаулар жазған аса көрнекті дауылпаз азамат екені даусыз. «Тар заман, тайғақ кешуде» ғұмыр кешкен ұлы бабамыз барлық арман- тілегін келешекке артып, болашақ жастардан ғана үміт күткен секілді. Ал қазақ әдебиетіне арнап жазған еңбектері ұшан теңіз. Айта кетелік, «Шолпан» өлеңдер кітабын Қазан қаласында 1915 жылы жазып шықты. Сондай-ақ, «Өлеңдер жинағы» кітабын Ташкент қаласында 1923 жылы, «Педагогика» 1923жылы«Батыр Баян» поэмасын, «Қойлыбайдың қобызы »поэмасын, «Қорқыт» поэмасын жазған.
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты –
Мен жастарға сенемін», — деген өлең жолдарынан үлкен ғұламалықты байқаймыз. Біздің ойымызша, өлмес өлең жазып, күндер, жылдар өтсе де құндылығын жоймайтын жырларды ескерткіш етіп қалдыру нағыз ақынның бақыты болса керек.
«Жұмсақ мінез жібектер,№
Сүттей таза жүректер,
Қасиетті тілектер –
Мен жастарға сенемін!»
Ақ ниетті, пәк тілекті жалындаған жастар қауымы ұлтымыздың кемел келешегінің иесі екендігін әрдайым есте ұстау керектігін ескертеді. Мағжан келешек жастардың мейірім мен қайырымға бөленген тамаша мінезін, ананың ақ сүтінен нәр алған кір шалмаған таза жүрегін, жеке мүдде мен жалқы пенделіктен аулақ қасиетті тілегін армандайтынын аңғартып өтеді. Көріп отырғанымыздай, М. Жұмабаев келешек ұрпақты тар өрістіліктен аулақ болып, қазақ халқының, алаш жұртының айшықты азаматы болуға бағдар көрсетеді.
Алдыңғы буынға мұрагер, кейінгі буынға бұйдагер болу ұлт тұтастығының үзілмес арқауы. Алаш ардагерлерінің балдырған жас кездерінде- ақ әлемдік ойшылдармен тең тұрған биік тұлғасы уақыт өткен сайын асқақтай түсетіндігі бізді таңқалдырады.
ХХІ ғасырда өмір сүріп, дамыған өркениеттердің қайнаған ортасында жасап жатқан біз секілді жастар «Бабалар бағындырған биіктің, олар жеткен тереңдіктің қай деңгейінде жүрміз?» деген жауап күткен сауалдардың бізді үнемі мазалайтыны шындық. Күрмеуі көп күрделі қоғамда елдің қамы түгілі өзіміздің жайымызды ойлай алмай жүрген жайымыз бар.
«Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға,
Шығарар олар бір таңда, Мен жастарға сенемін!»- деген бабалардың асыл мұратын ту етіп көтеріп, замана ауанын қапысыз меңгеріп, алаш жұртының мақтан етерлік ұлағатты ұрпағы бола алсақ қана Алаш қайраткерлерінің бізден күткен үмітінің ақталғаны деп білемін! Жас достарға айтарым мынау: Елі үшін еңбек етер, мұратқа талмай жетер, балғын бала шақтан нұрлы болашаққа жарқын қадам жасайтын егеменді ел ертеңі біздер екенімізді әрқашан жадымызда сақтайық, тәуелсіз елдің ұландары! Қоғамдағы жүріп жатқан процестерді және оның болашағын жете түсінген ойшылдың көзқарастарын қарап, талдап отырғанда, біз нағыз халқын сүйген, сол халқы үшін жанын аямаған патриот ерлермен кеңес үкіметінің қалай күрескенін көреміз. Сондықтан мәңгі жадымызда «Бес арысты» сақтайық, «Ер есімі-ел есінде» мәңгілік сақталмақ!Біз, яғни қазақ халқы барымызды бағамдап, ұлы тұлғаларымызды ұлықтай білетін, барға қанағат ететін халықпыз және болашаққа деген қадамымыз айқын.
Мамырбекова Гульсан Ариповна
Ғылыми жетекші, п.ғ.к., доцент м.а, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Алматы қаласы, Қазақстан
Тойлыбек Гүлназым
Магистрант, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Алматы қаласы, Қазақстан