Музыка өнері-адамзат қауымының пайда болуымен бірге қалыптасып, қоғам дамуының барлық сатысында өмірлік мәні зор тәрбиелік қызмет атқарып, бүгінгі күнге жеткен сарқылмас рухани қазына.
Мектеп, музыка. Бұл екі ұғым бір бүтін. Асқақ ән, сазды күй-мектеп сәні. Сондықтан да қазір музыка сабағының мәні артып отыр. Жас-өспірімдер өнердің барлық саласында құлаш ұрып, әсемділік-әдемілік туралы түсініктерін байытып, бойдағы бар қабілеттерін танытып, талант гүлін ашуға тиіс. Музыка сабағын өткізгенде-оқушылардың музыкалық-эстетикалық білім саласында түсінігін кеңейтіп, талғамын тәрбиелеп, музыканың құдіретті күшін, әсем сырын түсіндіру басты бағдар, түпкі мақсат болып алға қойылады.
Әдетте, баланың музыкаға бейімділігі дыбысты қабылдауы бірдей бола бермейді. Олардың бірі тез, екіншісі орташа, үшіншілері баяу қабылдайды. Кейіннен баланың өскен ортасына, музыкалық тәрбие дәрежесіне қарай қабылдау, сезіну табиғи қабілеті жетіле түседі. Осыған орай баланың музыкаға деген ықыласын, сүйіспеншілігін арттыру, қабілет көзін ашып, өнерге ұштауға көмектесу-музыка мұғалімінің міндеті болып саналады.
Музыка пәні сабағының негізгі басты мақсаты — балалардың музыкалық қабілеттерін дамыту, музыкалық деңгейін кеңейту, музыкаға деген сүйіспеншіліктерін арттыру болып табылады. Ал мұғалімнің негізгі міндеттерінің бірі де сол сияқты, музыкалық бейнелер, жағымды саз арқылы патриотизмге, елін сүюге, еңбекке баулуға, әдемілікке, тәртіпке, адамгершілікке, ынтымақтыққа, достыққа балаларды тәрбиелеу. Мектептегі ән сабақтарында өтетін хормен ән айтуының тағы бір айырмашылығы: ән сабағында немесе хорда өз ынтасымен, тілегімен ән айтқысы келетіндер және вокалдық ән айту қабілеті барлар қабылданады. Мектептегі музыка пәні барлық оқушыларға міндетті сабақ болып табылады және бірде-бір оқушы ән сабағынан босатылмайды.
- Жарнама -
Музыка пәні мұғалімдерінің қызметіндегі және оның жеке кәсіби құрылымындағы модельді қарастыруда академик Б.Асафьев былай деп атап көрсетеді: «…Педагог-музыкант өзінің күнделікті жұмысында аспапта орындаушы ретінде, хордың жетекшісі ретінде, музыкалық әдебиетті жақсы білетін, әрі оны еркін меңгерген музыка тарихшысы ретінде өзін көрсете білуі тиіс. Яғни, кез-келген сауатты музыкант сияқты, мұғалім музыка әдебиеттерін музыка тарихын жақсы біліп, музыка тілінің ерекшеліктері мен заңдылықтарын талдай білуі тиіс»
Оқушылардың қабілеттерінің дамып қалыптасуы әр түрлі деңгейде жүріп отырады. Мысалы, оның алғашқы репродуктивті десе, екінші негізгі деңгейін шығармашылық қабілет дейміз. Бірінші деңгейде адам білім игеруге, іс-әрекетті қажетті дәрежеде іске асыруда икемділік көрсетсе, екінші деңгейде жаңа, соны туынды жасай алу мүмкіндігін байқатады. Қабілет жалпы, арнаулы және тәжірибелік, ал соңғысы ұйымдастырғыштық, мұғалімдік болып бірнеше түрге бөлінеді.
Қабілетті дамудағы ең негізгі басты фактор-еңбек. Адам неғұрлым еңбексүйгіш болса, ойлаған ісін ешбір ерінбей, жалықпай орындайтын болса, оның қабілеті соғұрлым жақсы дамитын болады.
Адам тіршілік иесі, оған қоса ол жаны бар нәрсе ретінде табиғи күшке, өмір қуатына ие, әрекетшіл тіршілік иесі, онда бұл күштер нышан мен қабілет түрінде өмір сүреді. Қабілет те, нышан да іс-әрекет үстінде байқалады. Нышан-қабілеттің бастапқы табиғи негізі ретінде адамда туа пайда болатын нерв қызметінің ерекшелігі дедік. Нышанның ықпалымен қалыптасқан қабілеттің түрін дарындылық деп атайды. Белгілі іс-әрекетті шығармашылық пен орындау мүмкіншілігін қамтамасыз ететін қабілеттің ерекше түрін талант дейді. Ғалымдардың зерттеулерінде «қабілет», «музыкалық қабілет» ғылыми білімнің және музыкалық білім берудің теориясы мен практикасында әртүрлі салаларда қаралады.
Музыкалық қабілеттілік жеке тұлғаның музыкаға, ән-күйге бейімділігі, оған деген жоғарғы көңіл-күйі, музыкалық есту қабілеті, жады, ойлауы, музыкалық сұранысы, әртүрлі музыкалық шығармашылық қызметтерді игеріп, меңгерудің жоғары сапалық нәтижесі болып табылады.
Эмоция-адамдар мен жануарлардың өзінің айналасындағы ортамен қарым-қатынасы негізінде пайда болатын шағын, ситуациялы көңіл күйлер. Адам эмоциясы қоғамдық талапқа, қатынасқа сай, тарихи-әлеуметтік жағдайға негізделеді. Эмоцияның жоғарғы түрі адамның іс-әрекетінің өнімді болуына мүмкіндік туғызады. Оларға қуаныш, көңіл-күй, сүйіспеншілік т.б. эмоциялар жатады. Жағымсыз эмоция адамның ісіне азды-көпті зиянын тигізеді. Оларға қорқыныш, қайғы, абыржу, налу, үмітсіздену т.б. эмоциялар жатады.
Оқушының жеке қабілеті дамуы үшін біріншіден, мұғалім жаңа материалды мүмкіндігінше ықшамдап, өнімді әрі балалардың қабылдауына жеңіл, ақыл-ойына қонымды болу жағын қарастыру шарт.
«Елім-ай» бағдарламасындағы ұлттық өнеріміздің осындай тұрғыда берілуі шәкірттердің арнайы және жалпы шығармашылық қабілетінің дамуына толық мүмкіндіктер туғызады.«Елім-ай» бағдарламасын құрастырушылар алқасы Балтабаев М.Қ., Спанов Т.А., Өтемұратов Ә.К., Дауметов Б.С.
Бұл «Елім-ай» бағдарламасының негізгі мақсаты-жасөспірімдердің өз халқының ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан рухани өнерін терең түсініп, пайымдай білуге баулу, оған деген қызығушылығы мен ынта-жігерін ояту, көркемдік қабылдау мәдениеті мен халық музыка аспаптарын тарта білуге тәрбиелеу. Бағдарламаның негізгі міндеті:
1.Қазақ халық ән-күйлерінің шығу тарихы, халық сазгерлерінің шығармашылығы жайлы оқушылардың білімдерін, ой-өрісін кеңейту, оны саналы жан-дүниесімен қабылдап, түсініп, тыңдай білуге тәрбиелеу.
2.Жасөспірімдердің бойындағы шығармашылық музыкалық қабілеттерін дамыту т.б.
Біздің жас ұрпақтар өнерде де жақсы мен жаман бар екенін, өтірік пен шындықтың қатар жүретінін, бірақ әрқашан шындық, әділдік нағыз халық үшін жазылған музыкалық шығарма ғана мәңгі өмір сүретінін білуі керек.
Оқушылардың музыкалық қабілетіндегі ән айтуларын бақылау-олардың дауыстарын сақтауға және ең жоғарғы дәрежеде өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызады. Осы мәселелер төңірегінде ғалымдарымыз И.Левидов, А.А.Сергеев, И.Малинина, Д.Орлова, Н.Н.Добровольская, С.Ұзақбаева, Ш.Б.Құлманова, Т.Н.Овчинникова, Э.Б.Абдуллин, Р.Р.Джәрдемалиева т.б. ғалымдардың еңбектерінде зерттелген. Оқушылардың музыкалық мәдениетін сипаттай отырып, А.В.Школяр: «есту, көру, сезу, ойлау, өнері сияқты негізгі, іргелі қабілеттіліктерді қалыптастырып алмай, баланың, оқушының жаратушы, суретші тәрізді қалыптасуы мүмкін емес»,-деген ерекше ой түйеді.
Ән айту физиологиялық құбылыс болғандықтан ағза қызметіне, оның функционалдық қабілетіне байланысты құбылыс. Ән айтуда ми, жүйке жүйелері, дыбыс аппараттары, көмей, ауыз қуысы, тіл, таңдай, кеңірдек, кеуде, өкпе сияқты ағзалар бір-бірімен өзара тығыз байланыста қызмет атқарады.
Табиғи жағдайларға байланысты дауыс ашық, көмескі, жіңішке, жуан, құлаққа жағымды, жағымсыз болып келеді.
Дауыс аппараты үш түрлі элементтік міндет атқарады:
1)Көмей-дыбыс құру аспап ретінде;
2)Тыныс алу негізгі динамикалық тірегі ретінде;
3)Дауыстың үнін нығайту, күшейтетін міндет атқаратын жоғарғы және төменгі резонаторлар.
Көмей шеміршектерінің арасында қатпарланып, онда дыбыс сіңірлері орналасқан. Көмейден жоғары ауыз қуысы орналасқан.
Ми, қабатынан жүйке жүйелерімен импульс сигналы арқылы дауыс сіңірлерін түйістіріп, дауыс саңылауы жабылады.
Ауыз қуысындағы мүшелердің ішінде ең басты қызмет атқаратын мүше-тіл. Тіл дыбыстарының артикуляциясына айрықша қатысы бар дыбыстау мүшелерінің бірі-ерін.
Тіл арқылы тіс дыбыстары және тіл арты дыбыстары тілдің артқы шенінің артқы таңдайдағы тиюнен немесе жуықтауынан жасалады. Ал еріннің дауысты дыбыстардың жасалуына да, дауыссыз дыбыстардың жасалуына қатысы бар. Сонымен бірге еріннің сүйірленіп дөңгеленуінен өзара жымдасуынан ерін дауыссыздары немесе астыңғы еріннің үстіңгі тіске жуықтауынан лабиаль-денталь дыбыстар жасалады.
Ән методикасында дауысты тәрбиелеу үшін қолданылатын «тыныс алу» тәсілдері әртүрлі және дұрыс тыныс алу туралы пікірлер жазылған.
Тыныс алу процесі , тыныс алу, сақтау, және ән айтылып жатқан кезде үнемдеп шығару процестерінен құралады.
Тыныс алудың дұрыс екендігін есту мен бұлшықеттер сезінеді. Тыныс алуда ауыз бен мұрын арқылы бірдей алуды ұсынады. Терең тыныс алуда, не жаттығу есебінде ұстаз оқушыларға: «гүлдің хош иісін иіскеп жатқанда, ауа беліңе дейін жететіндей етіп тыныс ал»-деген салыстырмалық жаттығуларды көрсетеді.
Әншілер үшін тыныс алудың ең дұрыс әдісі қабырғаның төменгі бөлігі мен диафрагма деп анықталады. Бұл әдісті, әсіресе, классикалық бағытта тәрбиеленетін әншілер осы күнге дейін қолданып келеді.
Ән айтқанды тынысты, өкпені толтырып тұрып көп алғанда емес, басты мәселе оны сақтап, бөліп-бөліп пайдалануда. Артық алған тыныс әншіні тез шаршатып, жүрегін соқтырып, тамырларды адырайтып, дауыс күшке келіп, аппаратқа зақым келтіреді. Дұрыс алған тынысты белден төменгі бұлшық еттер әннің динамикасына қарай реттей бастайды. Егер айтып тұрған ән жылдам, біраз эмоциямен айтылатын болса, соған қарай бұлшық еттері қысып, қатайып беруге тиіс. Егер шығарма лирикалық тынысы азырақ жұмсайтын жағдай болса, бұлшық еттері соған икемденіп жұмсарып беруге тиіс. Демек, ән айтылып жатқанда қарынның бұлшық еттері қатайып, босап, үнемі қозғалыста болып, рефлекс тоқтайды.
Дыбыс-физикалық құбылыс. Ол екі дененің бір-бірімен үйкелісінен не соғылысынан пайда болады. Сөйтіп, еріксіз тербеліс-резонанс.
Сонымен, музыкалық дыбыс деп-белгілі биіктігі, ұзақтығы, күші және тембрі бар дыбысты айтамыз.
Оқушылар, ең алдымен, өз дауысының қай топқа жататынын және ерекшеліктерін білу керек. Мысалы, ерлер мен әйелдер дауысы жоғары, ортаңғы, төменгі деп үш топқа бөлінеді. Ерлердің дауысы-бас, баритон, тенор деп бөлсе, әйелдердің дауысын-сопрано, дискант, меццо-сопрано және контральто деп бөлінеді. Осылай өз дауысына лайықты салаларға бөлініп, сол дауысқа арналған репертуарды ғана айтуға тиіс. Жалпы басынан қандай дауыс екенін дұрыс анықталғанда, келешекте дауыс жылдам, дұрыс қалыптасуына зор ықпал етеді.
Нотаға дейінгі кезеңде музыкалық сауаттың элементтерін үйрену оқушылардың есту қабілетін дамытуға, музыкалық-есту түсініктерін шектелген диапазон әуендеріндегі дауыс биіктігін, динамиканы, жылдамдықты, қарама-қарсы регистрларды айыру барысында көрген нәрселермен қосуға арналған.
Сондай-ақ ырғақтың есту қабілеті дамуы негізінде: бірте-бірте нотаға дейінгі кезеңнен ноталық кезеңге өту, қабылдау және ән айту, вокальдық импровизация сияқты баланың музыкаға әуестену процесі барысында музыка тілінің ырғақтарын сезіну арқылы нота жазуының белгілерімен танысу. Сонымен бірге музыкалық шығармаларды орындауға таңдау барысында жақсы музыкалық есту қабілеті жоғарғы талап болып табылады. Есту қабілеті музыкалық мектептерге қабылдау сынақтарының маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Лад-музыканың негізі. Оның екі түрі бар-мажор және минор. Олардың құрылымы: мажор-минор. Сабақта оқушылар мажор мен минор сатыларымен және оларға тән ырғақтармен танысады.
Дұрыс ән айту арқылы балалардың дауыс аппараты дамиды. Әнді өз нышанына келтіріп айту үшін көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс, яғни әннің мазмұнын тыңдаушысына жеткізу, дауыстардың бір-бірімен үйлесіп, интонациясын таза, дикциясының анық шығуын, әнді жинақы жабық дауыспен академиялық үлгіде айтып, жаттықтыру керек.
Сонымен, адамның дауыс апараты ең үлкен байлық, оны күтіп, қадағалап, сапалы түрде қолдану керек деушілер дұрыс ән айту тәжірибесі-дауысты қорғау болып табылады деген болжамға келген ғалымдарымыз Н.Левидов, А.В.Рябченко т.б. Кейбір жағдайда дұрыс апаратының ауруларын вокалды педагогикалық әдістері арқылы емдеуге болады деп дұрыс айтқан. Көптеген зерттеушілер дұрыс ән айту тәрбиесі дауысты қорғау болып табылады деген тұжырымға келген. Әрбір оқушының әншілік қабілеттерін жекелеп дамытып отыруымен үнемі бақылап отыру өте қажет .
Музыкалы ырғақтық қимылдар, музыкалы дидактикалық ойындар, әсем би қимылдары, ою-өрнек, мақал-мәтел, өнегелі сөздер әр сабақта әсем әуендермен аттастырылып беріледі. Демек, өнер түрлері жүйеленіп, тереңдетіліп беріліп отырады.
Вокалды-хор жұмыс барысында оқушының әншілік дауысына ерекше көңіл аударылады. Оның негізгі қасиеттеріне жататындар: дыбыстық және динамикалық диапазон, тембрдің сапасы, дикция.
Е.Малинина мұғалім әрбір балаға тікелей жақын қараудың, олардың даму деңгейін, жасын, ерекшеліктерін ескеру керектігін көрсетеді. Сонымен қатар баланың психологиясын да біліп, оларға басшылық жасау қажет дейді.
Музыкалық есту қабілетінің дамуы балалардың музыкалылығына өз әсерін тигізбей қалған емес. Балалардың естуін тексере келгенде, мұғалім бағалы, құнды мәліметтер алады және музыкалық дамыған балалардың тізіміне енгізеді. Мұндай әдіс әсерлілеу болуы мүмкін. Мұғалім аспапта «фа» немесе «ре» дыбысын ойнайды, содан кейін өзі айтады, сосын барлық сыныпқа оны айтуды ұсынады. Сонан соң аспапсыз және жабыңқы дыбыспен бір оқушыға айтқызады.
Сүйемелдеусіз айту интонациясының таза айтқызу жұмысы барысында үлкен маңызы бар. Оқушы өзінің айтып отырған әнін жақсы естуі керек. Сондықтан біз баланың музыкалық дамуын тексерген кезде есту қабілетін, дыбысты аспапсыз таза шығаруларына, мәнерлі айтуларына назар аудардық.
Е.Малинина, тағы да басқа оқытушы-музыканттар балалардың қабілеттіліктерінің әртүрлі екендігін және жеке дамитындығын айтады. Мұғалім оқушының кемшіліктерін дер кезінде ескертіп, мүмкіндігінше оны жоюға тырысуы керек. Бірінші кезеңде олардың есту қабілеттерін тәрбиелеу қажет. Өйткені ол әншілік дауысты дұрыс дамытудағы, вокалды-хор дағдыларын меңгертудегі қажетті шарттарының бірі болып табылады.
Сонымен бірге Е.Малинина оқытушы әрбір балаға жеке жағдайда жұмыс жасау керектігін, оның жас ерекшелігін, даму деңгейін, ерекшеліктерін ескеру қажеттігіне көңіл аударады. Сонымен қатар, олардың психикалық деңгейін оны қалай меңгеретіндігін білуі керек [23].
Ал, Т.И.Овчинникова баланың дауысын, ән айту қабілеттерін зерттеп, мынадай қорытынды жасады: «Топтық оқыту барысында оқушылардың жеке музыкалық ән айтуларын дамыту «әрбір баланың бабын табу принципін іске асыру» болып табылады»-деді. Ол балалардың дауысының дамуын қадағалауға, репертуар көлемін анықтауға, орындаушылық күшіне және белгіленген репертуарды қабылдаудағы психологиялық дайындығына бақылаудың мүмкіншілігін тудыратыны сөзсіз. Оның іске асырылуындағы негізгісі болып оқушылардың жеке ән айту қабілетін дамытудағы білімі, музыка сабақтарындағы оларға дифференциялық талап қоюы саналады. Жеке қадағалаудың формалары ретінде төмендегілерді береді:
1. Фониатрлық бақылау (тексеру);
2. Ән айтушылардың әрқайсысын жеке тексеру;
3. Күйді, хорды, жеке әнді күй табақ баспасымен тыңдау;
4. Әрбір топ бойынша қосымша сабақтар өткізу.
Сонымен, зерттеуіміз бойынша алынған бұл мәселелер балалардың дұрыс бағытта дауыстарын қадағалауға және музыкалық дамуларына бағыт беруге мүмкіндік туғызады, білімдерін тереңдетуге мүмкіндік береді.
Өткен замандағы музыка өнерінің негізгі мазмұны халық мұңы, оның ауыр тұрмысы еді. Ел мұңы ән-күй арқылы түрлі-түрлі музыка аспаптарының сазымен елден-елге, жұрттан-жұртқа таралып жатты. Оны таратушылар халық ішінен суырылып шыққан өнер иелері: әнші, күйші, жыршы, қобызшылар болды. Біздің айтайын деп отырған түпкі ойымыз-өнердің халыққа кең тараған түрінің бірі-ән мен аспапта музыканың өткен заманда қай бағытта дамығанына шолу жасау, бүгінгі өмірде де оның мектеп оқушылары мен студент жастарға рухани тәрбие беруде мәні зор екендігін ашып көрсету болып отыр.
«Музыка-адамзаттың рухани азығы, жан серігі және өзінің көркемдігі, нәзіктігімен адам жанын баурап, олардың жақсы мінез-құлықтарының қалыптасуына септігін тигізеді.
Баланың бойында музыкалық қабілет жас кезінен басталады. Оқушылардың музыкаға деген тиянақты ынтасы мен сүйіспеншілігін тәрбиелеу, ән айту олардың музыкалық қабілетін (есту, ырғақ, есте сақтау) қалыптастырумен қатар, ортақ табысқа қуана білу, эстетикалық талғам-сезімдерін дамытуға тәрбиелейді.
Қазіргі таңда жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру ісі маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Тәлім тәрбиенің негізгі бөлігі болып табылатын эстетикалық тәрбиенің жасөспірімдердің әсемдікті түсініп, ұға білуі және олардың дүниетанымының қалыптасып дамуы жолында атқарар маңызы зор.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Дүйсембінова Р.Қ. Музыкалық білім беру педагогикасы.Т.: 2006, 89-б. |
Тоғысбаев Б. Тарихи тұлғалар. А.: Алматыкітап 2005-18б. |
Жаубасова Т. Ән-күй аспаптары А.: Алматыкітап 2001-37б. |
Жаубасова Т. Қазақтың күйшілері А.: Алматыкітап 2003-26б. |
Жайымов А., Ысқақов Б. Музыка әдістемесі. А.:Атамұра 2005 ж. |
Мұхамбетова А. «Ежелгі түрік субстаттары мәдениетіндегі батыс-Қазақстан күйлерімен Орта Азия көкнәрінің мәселесі. // Қазақ дәстүрінің музыкасы мен ХХ ғасыр. А: Дайк Пресс, 2002.- 12б. |
Арқалық қаласы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институты
Оқытушы: Абдрахманова Роза Султангалиевна