Кілт сөздер: Әлібек Асқар, табиғат философиясы, туған жер
Аннтоция
Табиғат әдетте әлеуметтік құбылыстардан тыс қарастырылады. Адам мен қоғамды ғаламнан мәні бойынша ажырататын нәрсе ғана табиғат аясына кірмейді. Осыған байланысты «табиғат пен қоғам», «адам мен қоғам»қатынастары туралы жиі айтылады. Адамзат баласы екінші табиғатты жасай алмайды, бірақ оған символдық мән береді.
Отан. Туған жер. Осы бір ұғымдарда небір түсініксіз, тылсым күш бар. Өміріміздің қиын күндерінде, маңызды таңдау жасауға немесе өмір жолымыздың кезеңін қорытындылауға тура келгенде, біз балалық және жастық шағымыз өткен жерлерге ораламыз. Туған жерге, елге, оның халқына, салт-дәстүріне, тарихына деген сүйіспеншілік, өз елін бұдан да көркейтуге деген ұмтылыс — еңбеккердің ерен еңбегінің, ғалымның таңғажайып жаңалықтарының, композитордың, суретшінің, ақынның ғажайып туындыларының бастауы. Әрқашан солай болған. Осылайша, туған жер тақырыбы қазақ ақын-жазушыларының көптеген шығармаларына арқау болды. Жүректен шыққан шынайы өлең жолдарын, жүрек тебіренткен асыл сөзін ел мен жерге арнамайтын жазушы мен ақынды атау қиын. Бұл отандық және әлемдік әдебиеттегі мәңгілік тақырыптардың бірі. Туған жер тақырыбына қатысты орасан зор әдеби материалдарды, әрине, бір мақалада толық қамту мүмкін емес. Сол себепті, туған жер туралы қалам тербеген, туған жердің табиғатына терең бойлаған жазушылардың бірі әрі бірегейі Әлібек Асқар жөнінде сөз етпекпіз. Әлібек Асқардың әңгіме, роман, повесттерінде ел мен туған жерге деген ерекше сезім әртүрлі тәсілдермен көрінеді. Соның ішінде, жалынды патриоттық серпілісте, туған жерді қорғауға ұмтылуда, елдің жарқын болашағы үшін күресте, халқын сүю және халық шындығына ұмтылуда, туған табиғатпен ерекше, рухани байланыс орнатуда үйлесім тапқан. Сол себепті, біз жазушының туған жердің табиғаты тақырыбында жазылған бірнеше еңбектерін талдап, жекелей қарастырсақ артық болмасы анық. Себебі, Әлібек Асқар натурфилософиялық проза ұғымын әдеби құрылымға мықтап енгізе білген ерекше дарын иесі. Оның “Аспантау немесе Альпинизм туралы толғам”, “Марқакөл-шанағаты немесе Қазақстанның ең суық нүктесіне сапар”, “Қазығұрт” атты еңбектерінің өзінде-ақ туған жердің тұмса табиғаты оқырманның көз алдына бейне бір сурет болып қалыптасады. Жазушының әр шығармасын оқи отырып, оның бала кезінен табиғатқа жан-тәнімен ғашық болғанын аңғару қиын емес. «Туған жер» және «Отан» ұғымдары бала кезден-ақ санамыздың бір бұрышында қалыптасатыны анық. Бұл жөнінде автордың өзі былай деп жазады: “Бала жасымыздан «тау» десе екі құлағымыз елеңдеп, делебеміз қозып шыға келетінін жасырмаймыз. Тегі, атам қазақ «тау баласы тауға қарап өседі» деп бекер айтпаса керек. Енді қайтейік, шыр етіп дүниеге келгеннен көргеніміз тау болса. Тау басында қой бақтық, тау бөктерінде шөп шаптық, құз-қияда асыр салдық, жасыл жонда құлын-таймен жарыстық. Туған жерді сағынып тұратынымыз, мұнар тау мен мұзарт шыңды аңсап тұратынымыз да содан шығар”. Туған жердің тауларын, биік асқарлы шыңдарын бағындыру, көркі көзіңді арбайтын қайталанбас әсем жерлерінде серуендеу оған терең әсер қалдырды. Ал бұл кейінірек жылдар өткен соң әдеби шабыттың сарқылмас қайнар бұлағына айналды. Жазушының шығармасында табиғат – қазақ елінің жаны. Оның еңбектерінде жануар, орман, өзен, дала болсын, адам мен табиғат әлемінің бірлігі қадағаланады. Бұл әсіресе әйгілі «Мұзтау», “Көккөл” секілді шығармаларында жақсы көрініс тапқан. Оның оқырмандарына сипаттайтын табиғаты алуан түрлі, көп қырлы, дыбыстарға, түстерге, иістерге толы, әрі табиғаттың ұлылығы мен сұлулығынан бұрын ләззатпен сусындаған.
- Жарнама -
Туған жер мен оның табиғаты әрқашан жазушыларымызға, елдегі жалпы шығармашылық адамдарына үлкен әсер етті. Тіпті, біздің елдің табиғаты, оның климаттық жағдайлары, бояулары ұлттық мінезді қалыптастырған. Демек, қазақ ұлттық мәдениетінің барлық ерекшеліктерін, соның ішінде кескіндемені тудырған десекте артық айтпағанымыз. Табиғатта адамдарды оның жасампаз күштері, өмірдің мәңгілік жаңаруы, мәңгілік қозғалысы таң қалдырады. Пайда болу мен жойылу, үздіксіз қозғалыс пен өзгерістер — мұның бәрі біз үшін тамаша бастама ретінде қабылданады. Туған жер мен оның табиғаты жайында жазылған Әлібек Асқардың кез келген еңбегі тек өзіне ғана тән ерекше бояуымен дараланып тұрады. Олай айтуымызға негіз жоқ емес. Мәселен, қаламгердің «Аспантау немесе Альпинизм туралы толғамында» өзінің достарымен сапарын өте жақсы сипаттады. Жәй ғана сипатталды деу аздық етер. Көркемдеу, пейзаждаудан өзге көп жерден кездестіре бермейтін мағлұматтар легі тағы бар. Хантәңірі, Тянь-Шань сілемдеріне саяхат жасағысы келген жан болса әуелі, жоғарыда атап өткен эссені оқығаны жөн болар. Мұнда ауа-райының тосын мінездері жайында ғана біліп қоймай, бірнеше терминдермен жақын танысуға, тау мен тастың тарихына үңілуге болады. Соның ішінде “альпинизм”, «жетімыңдық», «сегізмыңдық» терминдеріне тоқталып, “бағындыру” сөзінің мағынасын ашуға ұмтылады. Мәтіндерде автордың табиғатқа ұқыпты қатынасының үлгісін көрсететін сәттері жиі кездеседі. Оның әңгімелері адамның өмірге қажетті ең жақсы қасиеттерін оятып, дамытады. Әңгімелерді оқу арқылы біз көкжиегімізді кеңейтеміз, шынайы өмірде болуы мүмкін жағдайларға іс жүзінде ұқсас оқиғаларды қамтуы мүмкін ақпарат аламыз. Жазушы шығармаларының басты ерекшелігі де осы болса керек, барған жеріндегі әр тау мен жер, ел аттарының тарихын қазып, өзіндік зерттеуін жасап, түсініктемесін таңбалауға тырысады.
Әлібек Асқардың шығармаларымен етене жақын таныс бола бастаған сайын, оның елге, жерге, отанға деген махаббатымен, сүйіспеншілігінің шексіздігіне көз жеткізе береміз. Сонымен қатар, жазушы өз туындылары арқылы халықты жақсылыққа үндейді, яғни өз шығармаларында белгілі бір дәрежеде экология мәселесін қозғады. Ол қасиетті туған жердің сатылуына қарсы шығып, “иесіз жер тозады” деген пікірді ұлт санасына сіңіруге тырысты. Автор табиғатта, туған жерімізде сан ғасырлар бойы жинақталған нәрсені тек өзіңізді, бүгінгі әл-ауқатыңызды ойлап, пайдалану немесе сату мүмкін емес екенін айтқысы келеді. Адам қашанда өзінен кейінгілерді ойлап, болашақ ұрпақтың табиғи байлығын сақтау керек. Егер балалар Әлібек Асқардың ерекше шабытқа толы шығармаларын ерте мектеп жасынан бастап оқитын болса, бар сұлулығымен сақталған табиғатты аялаудың, келер ұрпаққа амандықпен жеткізудің қаншалықты маңызды екенін түсінер еді деп нық сеніммен айта аламыз. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесін пайдалана отырып, табиғатты қорғауды үйреніп, өскелең ұрпаққа осыны аманат етіп қалдыра алуымыз керек. Мектепте осындай шығармаларды оқыту арқылы табиғат әлеміне ену, оған ғашық болу, айналадағы барлық нәрселерге мейірімді болуға баулуға әбден болады. Түсінген адамға, Әлібек Асқар үшін, оның прозалары үшін табиғат жай ғана мекен емес, ол мейірімділік пен сұлулықтың қайнар көзі. Шынайы ден қойып, құштарлықпен оқыған оқырманға шығармалар ғылыми-техникалық прогресті тоқтату мүмкін емес, бірақ адамзат құндылықтары туралы ойлау өте маңызды екенін түсінуге көмектеседі.
Қорытындылай айтқанда, әрбір автор эпитет, метафора, салыстыру, тұлғалау арқылы табиғаттың өзіндік бейнесін жасайды. Жоғарыда атап өткен шығармалардада табиғат жанды бейне ретінде көз алдымызда көрінеді. Біз адам мен табиғаттың қарым-қатынасы мәселесін қозғайтын еңбектердің барлығын айтқан жоқпыз. Тек баса назар аударатынымыз, жазушының идеяларында табиғат шынайы адамзатпен байланысты. Жазушы нағыз сұлулықтың көзі жеткен білгірі ретінде адамның табиғатқа әсері оған зиянын тигізбеу керектігін дәлелдейді, өйткені табиғатпен әрбір кездесу сұлулықпен кездесу, сыр шерту. Оның шығармалары тек көзбен көрген, жанмен сезінгенді қара сөзбен көркемдеп төгілтуден ғана құралмаған. Себебі, әр ойдың астарында үлкен философиялық ой жатыр. Дәлірек айтсақ, адам табиғатпен байланысты, оның өмірінің әрбір оқиғасы — туу, өлу, махаббат — қандай да бір түрде табиғатпен байланысты. Күнделікті өмірде адам өзінің табиғат әлемімен бірлігін үнемі сезіне бермейді. Ал шекара деп аталатын жерге жақындау ғана оны әлемге жаңаша көзқараспен қарауға, адамзаттың тылсым сырларын, табиғаттың біртұтас тұтастықпен бірлесуінің мәнін түсінуге және физикалық тұрғыдан оның бір бөлігі ретінде сезінуге мәжбүр ететінін көрсетеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Әлібек Асқар “Аспантау немесе Альпинизм туралы толғамында”;
- Канке Виктор Андреевич “Философия”;
- Антамошкина З.С. “Образ природы в литературе”.
ӘЛІБЕК АСҚАР ПРОЗАСЫНДАҒЫ ТАБИҒАТ ФИЛОСОФИЯСЫ
Ермекқызы Гулдана
Алматы облысы, Алматы қаласы
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
1-курс магистранты