Бүгінде ұлттық құндылықтар дегенде ана тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміз, әдеби, мәдени бай мұраларымыз – бабадан мирас болып қалған көне жәдігерлеріміз еске түседі. Аталған асыл мұраларымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – өз ұлтын ұлықтаған әрбір азаматтың қасиетті борышы десем, қателеспеймін. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы ел тарихын өзгеше танып, тарихымызға жаңа қырынан қарауға түрткі болды.
Қазақстан — тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздің жолында қазақ бабам не көрмеді десеңізші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе, ХХ ғасыр қазақ халқы үшін ауыр тиіп, қайғыға толы кезеңімен есте қалады. Мың тоғыз жүз алтыншы жылдағы көтеріліс, жиырмасыншы жылдардағы аштық, отызыншы жылдардағы тотолитарлық жүйе, ұлы Отан соғысы, мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы жерді дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасы. Бұның барлығы да қазақ жеріне ауыр жара салды. Қанша қиыншылық келсе де, біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Себебі, бұл — тарих. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы даналық сөз бар емес пе? Осы даналықтың әрдайым жадымызда сақталғанын қалаймын. Сонау ел басына түскен нәубет жылдары тарыдай шашырап кеткендердің елге оралған сәттегі туған жерді, ата-бабаларының кіндік қаны тамған топырақты құшырлана сүйген сәттегі бейнелерін көргенде қалайша толқымассың?! Ежелден еркіндікті аңсаған азат халқымыз тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлағалы отыр. Қазақстан, тәуелсіз мемлекет ретінде, дүние жүзіндегі барлық елдерге түгелдей дерлік танылды. Бәрінен бұрын адамның жан дүниесі, рухы мен ар-ұжданы азаттықты тілейді екен. Тәуелсіздік — ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тәуелсіздік — арман! Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша арман бар. Сол арманға біздің қазақ халқы жетті. Біз жеттік. 1991 жыл — еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Бүгінгі Қазақстан — тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіл әлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. «Қаз тұрып, қадам 30 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді»- деп Елбасымыз айтқандай, егемен Қазақстанды бүгінде барша әлем танып отыр. Ата-Заңымызға сәйкес Қазақстан және Қазақстандықтар ешкімнің жеріне көз салмайды, бірақ өз жерінің ұлтарақтай бөлігін ешкімге бермейді.
Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуелсіздік -ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар- ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны рас. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға хан-сұлтандар, батырлар, қарапайым халықтың өзі де жандарын пида еткен. Тәуелсіздік деген ұлы жеңіске қол жеткізуде әлі де жаңғырып тұрған кешегі Желтоқсанның да септігі аз болған жоқ — студент жастардың көшеге шығып үндеуі және егемендік үшін зардап шегуге дайын екендігін көрсете білуі барша халыққа сенім мен жігер берген болатын. Қазіргі таңда Тәуелсіздік — барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі — ең алдымен халқымыздың бақыты. Алғашқы жылдарда басым мақсаттардың қатарында егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикадағы қиыншылықтарға жауап беру болған еді. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын.
Қазақстан — бай тарихпен, көне мәдениетпен және ерекше табиғатпен ұлы мемлекет. Біздің Елбасымыз — Н.Ә.Назарбаев, дана адам, шебер саясатшы, нағыз отаншыл. Ата Заңымыз мығым. Біздің Ата Заңымыз — негізгі тәуелсіздіктің нышандарының бірі. Тәуелсіздік — бұл бүгінгі өмір ғана емес, сонымен қатар, ертеңгі өміріміз — Қазақстанның болашағы, оның мүмкіндіктері мен мақсаттары. Тәуелсіз болу — өз тағдырына жауап беру деген сөз. Ұлт тәуелсіздігінің басты тұғыры – ұлттық құндылық деп есептеймін. Олай болса әлеуметтік мәні зор ұлттық құндылықтардың мән мағынасын ұғындыру, оны баланың санасына, сезіміне, мінез-құлқына әсер ететіндей дәрежеде жеткізу мұғалімнен шеберлікті талап етеді. Өйткені, жеке тұлғаның құндылық бағдары туралы түсінікті бастауыш сыныпта қалыптастыру керек. Жеке тұлғаның құндылық түсініктеріне әсер ете оқыту оның ең алдымен, әдептілігіне баса назар аударуды қажет етеді. Өйткені ол — халқымыздың ұлттық психологиясының өзегі, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрінісі, барлық кісілік қасиеттерінің жиынтығы.
- Жарнама -
Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақыт – тарихи бір белес. Осы азғантай мерзім ішінде Қазақстан кезінде Батыс Еуропа елдері ғасырлап өткен жолды артта қалдырды. Мемлекеттің демократиялы, зайырлы, құқықты ел ретінде дамуы үшін бәрі жан-жақты қарастырылған. Оны біз бүгінгі жүргізіліп жатқан саясаттан байқаймыз. Қазақстан басшылығы елді басқару ісінің әлемдік тәжірибесін кеңінен меңгеріп, өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың ел билеу дәстүрлерімен де ұштастыра алды. Ата Заңға енген жаңа өзгерістерге сай, Қазақстан президенттік басқарудағы елден президенттік – парламенттік басқарудағы елге айналған. Саяси жүйе жаңаруда. Заң шығарушы орган – Парламент пен саяси партиялардың белсенділіктері артып, ел үшін аса маңызды көп мәселені халық өкілдері шешетін болды.
Әдебиеттер тізімі:
- Зердеңізге тоқыңыз. Көкшетау, 2012 «Ұрпақ тағылымы» [5-б]
- Ұлттық ойындар. Алматы «Балауса» 2005 [3,4-б]
- Қазақ тәлім – тәрбиесі. Алматы «Санат» 2015 [13,14-б]
- Жолдасбайұлы С. Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан. Алматы, 1995.
- История Казахстана. Пособие для студентов. Автор-составитель: Кан Г.В. Алматы, Издательская группа «Казинтерграф», 2004. – 80 с.
- Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007. – 264 б.
- Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы. Оқулық. / Ред. басқ. Қ.С. Қаражан. Алматы, 2005.
- Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.