Аңдатпа
Зерттеу жұмысы тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының бүгіні мен болашағын анықтау мақсатында жазылды
Кілтті сөздер: рухани жаңғыру, бағдарлама, экономика, әлеумет, саналы ұрпақ, ұлттық құндылық.
Кіріспе
- Жарнама -
Дүбірлі кезеңнің дүрмегін бастан өткеріп, торабы тоқсан жолдың талай соқпағын артқа тастап, азаттықтың ақ таңын аңсаған халқымыздың бағына орай тәуелсіз, егеменді, ерікті, зайырлы елдің біріне айналып, бүгінде өркениеттің өзегінен сусындап, жарқын болашақтың бастамасына іргетас қалаудамыз. Тарихи кезеңнің күрмеуі қиын кедергісі шешілген соң, келешекке қойылған мақсатқа жету жолында қай кезде болмасын, ұлттық болмысымызды сақтау ата-бабаларымыздың ұрпаққа қалдырған аманаты. Ал, аманатқа — қиянат жасау намысты, арлы ұрпаққа жат қылық. Осы орайда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасында қозғалған мәселелер жаңа заманның өткеліне табан тіреп, бұрынғы тамырымызды тектілікпен бекемдеп, жүйелеу жолындағы өзекті бастама деуге болады.«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», — деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауы бүгінде өз жүйесін жүйелі табуда[1].
Негізгі бөлім
Жаңғыру дегеніміз — даму, түлеу, өркендеу, жаңару мағыналарын береді. Елбасымыз: «…Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады…Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», — деп айтқан болатын[3]. Бұл жердегі ұлттық код деп отырғанымыз, аса терең ұғым. Ұлттық код дегеніміз – ұлттық болмыс. Яғни, бір халықты басқа халықтан ажыратып, танытатын және сол халықтың әлем алдында басқаға ұқсамайтын таным-түсінігі мен бітім-болмысын айқындап тұратын сипаты. Бұл сипатқа – дара халықтың жаратылысындағы ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүр-салты, мінез-құлқы, арман-мұраты, тілі мен ділі, тұрмыстық-шаруашылық жағдайы және т.б. кіреді. Демек, халқымыздың рухани жаңғыруы — ұлттық болмысын сақтай отырып, өркениетті елдермен иық тірестіру.
Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда еліміздің экономикалық және саяси дамуы, жаңа міндеттер, экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымының стандарттарына қарай жылжу, әлемнің экономикалық дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу – маңызды болашақ идеологиялық дамуды, оның ішінде рухани жаңғыру сияқты құрамдас бөлікті қажет ететінін атап өтті. Қазақстанның рухани жаңғыруы бүгіннен басталған жоқ. Тәуелсіздік алған уақыттан бері егеменді елімізде қыруар жұмыстар атқарылды.«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тарихи-мәдени ескерткіштер жаңартылса, «Тарих толқынындағы адамдар» бағдарламасы аясында еліміздің, халқымыздың тарихына қатысты аса маңызды құжаттар жинақталды. Енді алда бұдан да ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Рухани жаңғыру — ұлттық менталитетті сақтай отырып, ұлттық болмыстың шекарасын кеңейту қажеттігігін көздейді.
Қоғамдық сананы жаңғыртудың басты басымдығы – бәсекеге қабілетті мемлекетті қалыптастыру. Сондықтан халықтың бірегейлігін, құндылықтарын және салт-дәстүрін сақтау өте маңызды. Елбасымыз: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», — демекші, бүгінгі алмағайып заманда мемлекет ретінде, ұлт ретінде, халық ретінде жойылып кетпес үшін, бізге рухани байлығымызды жаңғыртып, сол арқылы заманауи ғаламдық бәсекелестікке төтеп бере алатындай деңгейге шығу керек [2]. Тұңғыш Президенттің айтуынша, мәдениетіміз бен төл ұлттық кодымызды сақтау – жаңа түрдегі жаңғыртудың бірінші шарты. Тарих пен ұлттық дәстүр әрқашан ескерілуі керек.
Тұңғыш Президент жалпы қоғамның да, әрбір қазақстандықтың да санасын жаңғыртудың алты бағытын айқындап берді:
1. Бәсекеге қабілеттілік.
2. Прагматизм.
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау.
4. Білімге табыну.
5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы.
6. Сананың ашықтығы [3].
Аталған алты бағыттың барлығы да уақыт сұранысына сай келеді және қазіргі заманның өте өзекті мәселесі..Елбасының бағдарламалық мақаласы – ең алдымен, ХХІ ғасырдағы ұлттық сана мен қоғамдық сананы өзгерту жолдарын ұтымды форматта жалпылама айқындайтын идеологиялық мақала.
Қорытынды
Рухани жаңғыруды адам, қоғам сезінуі тиіс. Қазақ халқының рухы биіктеп, бәсекеге қабілеттілігі артып, өнері өрлеп, ғылымы өркендеп, мәдениеті мен дәстүрі үстем болып, мейрімді, адал, ақылды, білімді, бауырмал, ұлтшыл, елшіл, кеңпейіл, отаншыл ұрпақ тәрбиелей алсақ, онда рухани жаңғырғанымызды еліміздің әр азаматы өзі-ақ жан-тәнімен сезінеді деген ойдамын.
Елбасымыз атап айтқандай, «табыстың кілті – білімде». Қай кезеңде болсын, қай салада болсын, біз табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін естен шығармауымыз керек. Жарқын болашаққа бастар жастардың білімді болуы да рухани жаңғыруға, руханиятты жаңартуға пайдасын бермек. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын — жарқын болашаққа бастар сара жол деп айтсақ болады. Кемел келешектің анық бейнесі, дәл көрінісі — ұлттық мәдениетте. Ұлттық мәдениет пен ұлттық болмыс — кез келген халықтың халық ретіндегі ең басты бөлшегі. Дана халқымыз әрдайым ұлттық руханиятының мол байлығымен дараланып келген. Сол байлықтың үлесін кемітпей, бастапқысынан да арттыру, көбейту ұрпаққа жүктелген міндет. Төл мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, құрметін арттырсақ, ұлттық болмысымызға нұқсан келмейді деген сенімдемін.
Әдебиеттер тізімі:
- Тұңғыш Президенттің «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласы // Казахстанская правда.-2017.-№71 (13 сәуір)
- Назарбаев Н. .Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру//Егемен Қазақстан.2017. 12 сәуір.
- «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы//Егемен Қазақстан. 2012. 15 желтоқсан.
Нұражідінова Назым Нұрланқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Педагогика және білім беру менеджмент кафедрасы,Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының 1 курс магистрі