Абайды тану, Абай шығармаларының ішіне үңілу, қаншама жыл өтсе де ешбір үздіксіз дамып келе жатқан процесс. Бүкіл әлемді қаратқан Абай шығармаларын қай қырынан қарасақ та мол материал табылары сөзсіз. Кешегі күнгі зерттеулерді бүгінгі тұрғыдан қарасақ көп тәлім аламыз.
Абай шығармалары осындай өміршендігімен өзекті. Қазақтың қоғамдық ой-санасының, ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің, сондай-ақ әдеби тілінің даму тарихында Абай Құнанбаевтың алатын орны да, оған сіңірген еңбегі де орасан зор, қосқан үлесі мен көрсеткен үлгісі де аса мол. Ұлы ақынның қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше. Ол қазақ әдебиеті тарихында қазақ жазба әдебиетінің негізін салумен бірге, сыншыл реализмнің де негізін қалаған кемеңгер ақын. Абай мұрасын зерттеуші көрнекті ғалым Қажым Жұмалиев өзінің «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» атты еңбегінде Абайға дейінгі қазақ әдебиетінің жай-күйімен, қандай деңгейде болғанын таныстырып өтеді және ақын туралы: «Абай өз халқының әдебиетін сүйе де, сынай да білді. Ол өзіне дейінгі әдебиеттің жақсы табыстарын дамытты, сол үлгіде жаңартып, ілгерілетті, кемшілігін қайталамады» [1], – деп пікір білдірген болатын. Абай шығармаларының тағы бір ерекшелігін айтар болсақ, оның өлеңдерін кез келген басқа халықтың тіліне аударcақ, олар өзінің мәнін де, көркемдігін де жоғалтпайды. Бұл ақынның адамзат баласына ортақ тақырыптарды, мәселелерді, идеяларды, мінез-құлықтарды, арман-тілектерді көтеруінің арқасында оның өлеңдері басқа да халықтардың тілінде де үлкен мәнге ие бола берді. Абайдың ұлылығы да осында. Ол ұлт ақыны да, басқа елдерге де ортақ ақын болды. Қ. Жұмалиев еңбегінде бұның төрт себебін көрсетеді: «Бірінші, Абай өз өлеңінің тақырыбы өтіп көбіне жалпы адамзаттық мәселелерді алды да, оларды адам баласына ортақ идеяның дәрежесінде жырлай білді. Шығарманың ұлттық көрінісі сол пікірді айтып беру үшін ат шаптырар майданы ғана болды. Екінші, қандай өлең, қандай сөзді болсын, мазмұн мен сезімге құрды. Өлеңінде бірінші орынды мазмұнға, сезім дүниесін суреттеуге беріп, түр сол мазмұнды, сезімді оқушыға жеткізу үшін қолданылуы керек деп ұқты. Үшінші, әрбір сөз мағына жағынан айтатын ойға қатесіз анық, айқын, дәл болуын берік ұстады. Төртінші, өлең, сөйлемдерде мағына қатынасы жоқ, шумақтың жол санын толықтыру үшін қолданылатын бос сөздерге қарсы қатты күрес ашып, өз өлеңдеріне сөйлеммен байланысы жоқ, басы артық бір де бір бос сөз жібермей, әр сөздің шумақтағы айтылмақ ой-пікірге нық байланысты болуы керектігін және оның мүмкіндігін өз өлеңдерінің үлгісімен дәлелдеп берді» [1].
Төл әдебиетіміздің теориясын жасаған Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» атты кітабында былай дейді: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған» [2]. Орта ғасырларда таза дидактикалық бағытта дамыған діни поэзия жыраулар толғауларында ерлікті насихаттаумен, XIX ғасырдағы зар заман әдебиеті өкілдерінің шығармашылығында мұң-қайғы араласқан ызалы кескінмен, Абай өлеңдерінде терең интеллектуалдық тәпсірлеумен XIX ғасырдың соңы мен XХ ғасырдың басында өмір сүріп, «кітаби ақындар» айдарымен аталып кеткен бір шоғыр өлеңдерінде елді ағарту, оқу-білімге талпындыру сынды мәселелер төңірегінде көрініс тапты. Егер біз қазақ руханиятындағы ағартушылықтың бітімін бүтін қалыпта тануға талаптансақ, міндетті түрде оның астарында Ислам құндылықтарының жатқанына куә боламыз. Ал керісінше, Ислам құндылықтарына үңіле қалсақ, оның өзегінде ағартушылықтың негіз боп қаланғанына көз жеткіземіз. Шығыс халықтары үшін, түркілік таным үшін ағартушылық пен Ислам – мәндес, ұштас, ұқсас ұғымдар. Мысалы, жоғарыда айтқан Абай туындыларындағы иман, имандылық, ар-ұят жайлы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» түсінікті түрде діни әдеп негізіндегі этикалық, ізгіліктік қатынас үлгілерін қоғамдық байланыстың ережелеріне айналдырып берілген:
«Бек кісіге – керек ұят, ақыл, ар,
- Жарнама -
Зұлмат күш жоқ, ақыл – арды жапырар.
Ұяты бар адамдар пәк момын да,
Ұятты іске тигізбейді қолын да.
Кімге тәңір берсе ұят, намысты,
Оған қоса бергені құт, даңқты!» – ұят, ар-намыс, имандылық секілді қасиеттерді санасына сіңіретін болса – ұлттық танымның, діни сауаттылықтың негізі осы болары сөзсіз дейді. Сонымен қатар, Жүсіп Баласағұн дастаны мен Абай шығармалары арасындағы рухани байланысты аңғара аламыз. «Құтты біліктің» негізгі идеясы төрт принципке негізделіп жазылған. Олар: әділет, қайрат, ақыл, қанағат-ынсап. Ал осы ұғымдар Абай атамыздың 17-қара сөзі мен «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде «ақыл, қайрат, жүрек» үлгісінде берілген.
Абай кемелденген толық адам болу үшін бес асыл іске жақын болып, оның бес дұшпанынан сақтану керектігін баса айтады. Ақынның бұл ойы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастау алады. Ондағы «бес асыл» мен «бес дұшпанның» негізі, профессор М. Мырзахметов айтпақшы, шығыс ойшылы Ғұламаһи Дауанидің (XV ғ.) шәкірті Жүсіп Қарабағидың (XVIII ғ.) «Рисаласындағы» екіге бөлінетін жан азығынан (жанның пайдалы азығы, жанның зиянды азығы) негіз алады. Онда шын сенім, жомарттық, ғылыми түсінік пен күншілдік, жалған сенім қарама-қарсы қойылады. Абайдың дүниетанымында бұл ой тереңдетіліп, адам бойына қажетті «бес асыл қасиет» пен «бес дұшпан» нақтыланады.
Ақын бес асыл іс пен оның бес дұшпанын арнайы атап көрсетеді:
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз [3].
Яғни мына өмірде адам құсап өмір сүргің келсе, осы бес асыл іске жақын болу керектігін насихаттайды. Адам болу үшін мал-мүлік, байлық, дүниенің қажеті жоқ, жай ғана өсек, өтірік айтпай, бос мақтанға салынбай, ерінбей, ысырап етпей өмір сүру қажет. Адамды құртатын да, тоздыратын да, жоқ қылатын да осылар. Абай атамыздың бір жарым ғасыр бұрын айтып кеткені әлі күнге дейін өзінің маңызын жоймады. Себебі бүгінгі күнде өсек айтатындарды да, әр сөзінің арасына өтірік қосатындарды да, жоқты бар деп көрсетіп мақтанатындарды да, жалқаулығын жеңе алмай, тал түске дейін ұйықтап, еріншектігін шүкірлікпен ақтап алатындарды да, алды-артын ойламай ысырап қылатындарды да жиі кездестіреміз. Тіпті өзіміздің де бойымыздан табылып жатады. Сондықтан да Абай атамыздың сөзіне құлақ асып, бес нәрседен қашық болып, бес асыл іске асық болғанымыз абзал. Сонда ғана адам болып, бақытты ғұмыр кешеріміз анық.
Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебаев өзінің Абайтануға қосқан көлемді еңбегі «Абай антропологизмінде» ақын айтқан бес асыл іс пен оның бес дұшпанын жеке-жеке талдап нақтылайды.
Өз халқының бойындағы кеселдерді, кемшіліктерді көре білген ұлы ойшыл ақын оларды сынап, міндерін көрсетіп, толыққанды адам болуға шақырды. Ал Абайдың түсінігінде толық адам – рухани жаңғырудың шыңы, адамның өзінің рухани болмысын тануы. Адам сатысы Алла Тағаланың жаратқандарын сүюге ұмтылып гуманизм, адамгершілік деңгейінде болса, ал толық адам Жаратқанның өзін сүюге ұмтылып, рухани жаңғырудың ең биік шыңына ұмтылады, көпшіліктен бөлектенуді, өзімен жеке болуды құп көреді. Бұл – таза рухани деңгей. Өзінің қара сөздерінің бірінде былай жазған болатын: «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды».
Рухани жетілу сатысындағы «толық адамның» материалдық даму сатысындағы «адамнан» айырмашылығы неде? Бұлардың бірнеше айырмашылықтары бар. Әулиелер мен қарапайым адамдарды ажырату үшін және әркім өзінің рухани деңгейін көру үшін бұл айырмашылықтарды білу керек.
Толық адам сатысындағылар өмірін Алла тағалаға толық арнайды, ал адам сатысындағылар толық арнамайды. Олар өздеріне пайдасы болса Құдайды еске алып, оған ризалықтарын білдіреді, ал егер пайдасы болмаса Оны ұмытып, өмір қызығымен кетеді. Демек, адам мен толық адамның арасындағы бірінші айырмашылық – адамдардың іс-әрекеттерінің мақсатында. Толық адам сатысындағылардың басқалардан екінші айырмашылығы – олардың өмірлерінің түпкі мақсатында. Толық адамдарда бірақ мақсат бар. Ол – Түп Иеге қайту. Ол үшін толық адамдар Абайдың «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» қағидасын берік ұстанып, Аллаға биік махаббатқа жетуге ұмтылады. Үшінші айырмашылық – Құдайға Абай көрсеткен ынталы жүрек, шын көңілдің тазалығында. Бұл олардың қасиеттерінің айырмашылығы. Абай айтқандай, бұл қасиеттен басқа қасиеттер Хаққа жол емес. Бұл туралы Абай былай дейді:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа жол емес [4].
Төртінші айырмашылық – адам мен толық адамның негізгі қасиеттерінде. Материалдық сатыдағы «адамдардың» негізгі қасиеті имандылық дәрежесімен өлшенеді. Соған байланысты олар түрлі жетілу деңгейінде болады. Ал рухани жетілу сатысындағы «толық адамдардың» негізі қасиеті Құдайға берілу, яғни, Оған деген ынталы жүрек пен шын көңіл дәрежесімен өлшенеді. Яғни, рухани сатыға көтерілу шарты – ынталы жүрек, шын көңілмен Құдайға толық берілу. Сананың бұндай биік дәрежесі басқа сатыларда жоқ. Бұл сатыдағы толық адам өзінің іс-әрекетінде сырт көзге ештеңені өзгертпеуі де мүмкін. Ол өзінің бұрынғы қалпындай жақсы отбасы, қоғам қайраткері, ұлтының қамын ойлайтын кемеңгер, патриот, гуманист болып қала береді. Бірақ оның ішкі дүниесі толық өзгереді. Ол енді өзін немесе «менікі» дегендерді қанағаттандыру үшін емес, барлық себептердің себебі Алла тағаланың разылығы үшін әрекет жасайды.
Сонымен Абай шығармаларымен танысып, зерделеп оқып, мәнін түсініп қарасақ, ақынның туындылары – тұлғаның рухани жетілу жолы екеніне көз жеткіземіз. Ол өз өлеңдері мен қара сөздерінде Құран Кәрімнің аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерін мағыналық тұрғыда жақсы сабақтастырып қолданған.
Оның өлеңдері мен қара сөздерін оқи отыра, Абайдың діни білімі жоғары болғанымен, қатты діншіл еместігін аңғара аламыз. Ол дінге философиялық тұрғыдан қарап, дін мен ғылымды қатар қолданған. Алланы тек дін жолымен емес, ғылым жолымен де тануға болатынын айтқан. Ал Алланы тану үшін толық адам болу қажет.
Абай үшін толық адам – біліммен, ғылыммен және дінмен ұштасып дамып, жетілген адам. Адамзат өркениетінде рухани тұрғыда игі қасиеттерді – иман, ғылым, білім, тәрбие, өнер, құқық, тапқырлық, қайраткерлік, жомарттылық, азаматтық, адамгершілік құндылықтарды бойыңа сіңіріп, жетілдірген адам. Ғалым Абайдың толық адам ілімі жайлы танымын тереңінен түсіндіріп, бүгінгі және келешек ұрпаққа рухани азық ретінде мол тағылым қалдырып отыр. Ол туралы еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», – деп Абай атамыздың «толық адам» тұжырымының маңызы айтқан болатын.
Қорыта айтқанда, адамның жетілу жолына түсуі үшін, Абай ілімі бойынша, әуелі салауатты өмір салтымен материалдық жолды өтуі керек. Материалдық жетілу ең әуелі әркімге табиғатынан берілген міндеттерді орындаудан басталады. Әрбір адам әке, ана, бала, дос-жора, азамат болу тәрізді бұл өмірде түрлі орын алып, соған байланысты түрлі міндеттер атқарады. Адамзат қоғамының өркендеуі олардың осы міндеттерін дұрыс орындауларына байланысты. Ендеше ең әуелі әркім сол міндеттерін дұрыс орындауға үйренулері керек. Жоғарыда айтылғандай, әркімнің өз міндетін дұрыс орындау адамға жетілу сатысындағы бір деңгейден екінші деңгейге көтерілуге мүмкіндік береді. Эволюциямен осылайша жетіліп, адам біртіндеп рухани сатыға көтеріледі. Демек, осы жолдағы Абай ілімі – адамның рухани жетілуінің биігі [5].
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Жұмалиев Қ. Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тіл. – Алматы: Қазақтың мемлекеттік оқу құралдар, 1948. – 212 б.
- Әуезов М. Абай Құнанбаев. Монографиялық зерттеулер мен мақалалар (Кұрастырып, баспага алірлеген Н. Ақбаев). – Алматы, «Санат», 1995. – 320 б.
- Абай (Ибраһим Құнанбаев). Өлең – сөздің патшасы. – Алматы: Дәуір, 2006. – 566 б.
- Абай. Өлеңдер, поэмалар, аудармалар, қара сөздер. – Алматы: Мектеп, 2007. – 248 б.
- Омаров Д.Қ. Абайдың рухани мұрасы. – Алматы: «Ел-шежіре» баспасы, 2007. – 264 б.