Жас ұрпақтың болашағына алаңдаған қазақ халқының хас батыры, қаһарман қолбасшысы Бауыржан Момышұлы: «Оттан да, оқтан да қорықпаған Бауыржан едім. Кейінгі кезде қорқынышым көбейіп барады.
Балаларға бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқам, екінші, немерелеріне ертегі айтып беретін әжелердің азайып бара жатқанынан қорқам. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспегеннің көкірегі көр бола ма деп қорқам. Ал көрдің қолына балта берсең, шаба салады, бақыр берсең ала салады, найза берсең сұға салады. Мен табиғатынан, тағдырынан болған соқырлықты айтып отырғам жоқ, тауып алған соқырлықты айтам. Егер ондай соқырлықтан жазылмасақ, халық болудан қаламыз ба деп қорқам» — деп тебіренсе, болашақ ұрпақтың салт-дәстүрден алыстап, олардың кітап оқымайтындығына былайша қынжылады: «Жаудан да, даудан жа қорықпаған Бауыржан едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр.Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді.Оның қолына қылыш берсең, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды.Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке жоқ, шеше жоқ» деп жазған болатын [1.125].
Орыс халқының ғұламасы К. Паустовский: «Әрбір адам өзінің ана тіліне деген көзқарасына қарап оның мәдени дәрежесі ғана емес, сонымен бірге азаматтық қасиеті жөнінде де мүлтіксіз баға беруге болады. Өз Отанына деген махаббат өз ана тіліне деген шынайы махаббатсыз болуы мүмкін емес», — депті [2.23].
«Тіл-қарым – қатынас құралы» — дейді, ендеше егеменді еліміздің келешек азаматы ретінде іскер де сауатты, өз пікірін ашық та айқын жеткізе алатын тұлғаларды қалыптастыру міндеті тұр біздің алдымызда. Тіл- адамның жан дүниесінің айнасы болғандықтан, рухани бай болу керек. Рухани байлықтың қайнар көзі тұрмыс-тіршілік, салт-санамызда. Сондықтан дәстүрімізді терең біліп қана қоймай, оны жүзеге асыруға, ұрпақ бойына сіңіруге тырысуымыз керек. Өйткені талай қиын тар заманда қазақты азғындау жолынан құтқарып, біреудің ала жібін аттамауға, аманатқа қиянат жасамауға, тарих алдында бойын тік ұстап тұруына да бабалардан жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүр, өнеге-өсиет, «ұят болады» деген тыйым сөздердің маңызы екені сөзсіз.
Ақын Мұхтар Шаханов «Компьютер басты жарты адамдар» өлеңінде қарттың сөзімен жарты адамға теңеп, ал АДАМ деп санауға:
Сол үшін ұлдың бірі ғана қайсар, ұшқыр арманын,
Техникалық санаты мен ғылыми өр талғамын
Өз ұлтының рухани байлығына жалғады,
Содан шуақ, қуат алып, ғаламдық ой толғады, — деген ризашылық оймен рухсыздық апатынан сақтануға шақырады [3].
«Ел болам десең – бесігіңді түзе» деп тегін айтпаған. Шыр етір дүние есігін ашқан перзентке «тал бесіктен жер бесікке» дейінгі берілетін тәрбие басы ананың бесік жырынан бастау алады десек қателеспейміз. Ал, осы бесікке қатысты: жөргек, жастық, түбек, шүмек тәрізді кәсіби сөздерді, баланың басына жасайтын, іліп қоятын: айна, тарақ, үкі, бүркіт тұяғы, қасқыр асығының мәнін қазіргі жастар білер ме екен? «Тыштырма» ырымы не үшін жасалады? — деген сұраққа жауап бере алар ма екен [4]. Бесікке қатысты қандай ырымдар мен тыйымдарды білеміз, деп ойланып көрдіңіз бе?
Бесік — сан ғасырлар бойы ұлттың ұясы, қазақы тәлім –тәрбиенің
қайнар көзі, бабамыздан қалған киелі мүлік, қой үстінен бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тіршіліктің белгісі іспетті. Бесікті қатты қадірлейтіндігі соншалықты, қазақ атасы жатқан бесікке бала, немере, шөбере, шөпшек, тіпті туажатына дейін бөлеген екен.
Бесік тек қана қазаққа тән емес, ол Орталық Азия, Кавказ, Үндістан, Қытай жерін мекендеген көп халықтың ұл мен қызын ұйықтатып, оянғанда қолын шешіп ойнатып, анасының ақ сүтін беріп, тіл — көзден сақтайтын ағаш төсегі. Тек олардың әр халықта жасалу ерекшеліктері түрліше болып келеді. Жасалу жолы мен құрылысына зер салып қарасаңыз, ата-бабаларымыз бесікті өте тапқырлықпен, данышпандықпен жасаған. Бесік ағаштан, негізінен талдан иіп жасалады. Тал басқа ағаштар сияқты морт сынбайды, құрт түспейді, жаман иісі болмайды [5.64].
Баланы бесікке бөлеу — қазақ халқына тән ұлттық қасиет. Бесік киелі. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш, бойы жылы, тәні таза болады. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы.
Бесік – сәбидің алтын ұясы, «Ел іші алтын – алтын бесік» деген сөз бесіктің құдіретін көрсетеді. Жас сәбиді бесікке бөлеу халқымыз үшін елеулі дәстүрлердің бірі. Бесікке салу жолы үлкен, елдің тәрбиелі, өнегелі әжелеріне тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап, «тыштырма» жасап, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі, таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға «бесікке салар» кәде сыйы беріледі. Бесікке бөлеген сәбиді тербетіп отырып аналарымыз бар мейірімін төге отырып, бесік жырын айтқан.
Бесік жыры — тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі. Әлемде Бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Бесік жыры — халық педагогикасының мәйегіне айналған. Бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным—сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының Бесік жырлары әр елде әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз — әуені жағынан үндесіп жатады. Бесік жырының басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Бесік жыры баланың сәби кезінде, яғни 1-5 жас аралығында, бала жанына жағымды әуенмен айтылады, әуен – сазсыз, бесік жырының мәні де, сәні де келмейді.
Қазақ халқының бесік жыры «Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!» деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын, ана арманы қиялға ұштасып, баланың болашағына жол сілтейтін шумақтарға ұласады. Сонымен қатар ана:
«…Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің!
Бармақтары майысып,
Ою-өрнек ойысып,
Ұста болар ма екенсің!
Таңдайларың тақылдап,
Шешен болар ма екенсің!
…Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Қызмет қылар ма екенсің?!
Қолымыздан іс алып,
Бақытымызға жан балам,
Бізді бағар ма екенсің?!» — деп баласының болашағын, ел мүддесін, өз арман-мұратымен астастыра жырға қосады [5.64].
Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін бесік жыры халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат беретін шалқары кең жанр. Бесік жырының баланың көкірек көзін ашып, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді.
Бесік жыры екі түрлі міндет атқарады:
- Сәбиді жұбату және оның болашағына деген ата-аналық тілегін білдіреді;
- Ананың балаға деген мейірі, махаббаты, ой-арманы, ізгі ниеті, халықтың ақыл өсиеттері айқын керінеді. «Бесік жыры» 7-8, кейде 11 буынды ән түрінде келеді. Тіпті ананың бесік жырын сәби ғана емес, ауыл балалары, тіпті үлкендерде құлағын салып тыңдап отыратын. Яғни бесік жыры арқылы аналар музыка өнерінің алғашқы ұрығын сепкен деуге болады.
Бүгінгі таңда қазақтың қасиетті бесігі қолданысы азайып барады. Ата — баба аманатының бірі киелі бесігі ғасырдан — ғасырға жетіп, тек бүгінгі ұрпақтың көзіне оғаш көрініп, қолданыстан шығып қалғаны өкінішті.
Қазіргі таңда кейбір әжелеріміз немерелері мен шөберелеріне ертегі, жыр айтпақ түгілі ұрпағының денсаулығына да алаңдамайтын секілді. Себебі, ондай әжелеріміз немерелері мен шөберелеріне баланың денсаулығына өте зиян арзанқол шетелдің тәтті кәмпит — сусындарын әперіп, оларды алдандырып, немерелерінің «сүйікті әжесі» болып көрінгісі келетіндері баршылық.
Бүгінгі қарбаласы мен күйбелеңі көп күнімізде аналарымыз да жас нәрестелерін бесікке бөлемей-ақ, өсіріп тәрбиелеуде. Қазіргі таңда кейбір бала дәрігерлері баланы бесікке салуымыз зиян, шүмектерінің тазалық тұрғыдан талапқа сай емес деген секілді пікірлерді ұстанып жүргені баршамызға аян. Олар осы бесіктен небір қазақтың атақты ұл -қыздарының еш кедергісіз өсіп -дамып, шыңдалғандарын ескермейтін секілді. Бесіктен өсіп шыққан сәбилердің арасында аты алты алашқа ғана емсе, әлемнің дүйім жұртшылығы үшін аңызға айналған Бауыржан Момышұлы бар екенін ескерсек, бесіктің зияны туралы теріс пікірдегі жандарға қарсы пікір айта аламыз.
Біріншіден, қол — аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды, жиі шошынады. Ол сәбидің жүйке жүйесінің дұрыс жетілмеуіне әсерін тигізері хақ. Әрі ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді.
Екіншіден, баланың мазасыздығы ананың психологиясына да әсер етедi. Бұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыз, мейірімсіз болуына себеп болады ма деген ой туындайды.
Үшіншіден, баланы бесiктен шешкен кезде сәби керiлiп — созылып, рахаттанады. Денесінің әр түрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды.
Төртіншіден, сәбидің тұла бойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді.
Бесіншіден, бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды, құрғақтық табиғи таза мақтадан жасалған жұмсақ дәке, шыт сияқты материалдарды пайдалану арқылы жүзеге асатындықтан бала денсаулығына да зияны жоқ. Сондықтан бесікке бөлеу — мықты денсаулық кепілі дер едік. Ал, қазіргі қолданыстағы памперстер тек химиялық жолмен алынған заттар, оның бала денсаулығына тигізер зияны туралы әлі алдағы уақытта талай қызу таластардың болуы мүмкін.
Алтыншыдан, бесік белгілі бір ритммен ғана тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйеге, тәртіпке түседі.
Жетіншіден, бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңеді. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды.
Сегізіншіден, бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды. Сондай –ақ бесік баланы кездейсоқ құлаған заттан, суық пен ыстықтан да қорғайды. Пәле – жаладан сақтасын деп ырымдап, оған тұмар, бүркіт тұяғы, жыланның бас сүйегі, кірпі сияқты заттарды іліп қояды.
Данышпан халқымыз: «Тәрбие – тал бесіктен», «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал», — деп айтып, болашағының, ұрпағының тәлім –тәрбиесіне баса назар аударғаны да сондықтан болар.
Мағжан Жұмабаев ақын елінің өскелең ұрпағының төл салт – дәстүрімен сусындап өскенін қалағаны сөзсіз. Осы ойымыздың айғағы ретінде ақынның «Бесік жыры» өлеңі мен ақынның «Педагогика» атты ғылыми еңбегіндегі бесік жырына қатысты айтылған ойына тоқталғанды жөн көрдік.
Баланың есту сезімін ілгерілету үшін біраздан балаға түрлі
музыка құралдарының үнін естірте беру керек. Домбыраға түрлі күй тартып отырсаң, алдыңда отырған бала тырп етпей, шын ынтасымен тыңдап отырмай ма? Баланың психологиясына, музыкаға деген сүйіспешілігін оятуға әсер ететін, алғашқы сабақ — аналардың бесік жыры десек, ал алғашқы ұстазы аналар емес пе? Ал, қай ана баласының жаман болғанын қалайды? Абай атамыз «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деуі тегін емес. Бесік жырында ұлттық тәрбиенің үздік үлгісі жатыр. Баланың жақсы болуы аналардың қолында, сондықтан ғасырлар бойы жалғастығы үзілмей келе жатқан салт-дәстүрлерді санадан шығармай, баламыздың бойына дарытуға көңіл бөліп, білмегенімізді ізденіп тауып, тәрбиеге аса көңіл бөлетін жағдайға жетіп отырмыз. Егер сіз тәрбиелемесеңіз балаңызды интернет, көше немесе балаңызға еш қатысы жоқ адамдардың әсері ертең баланы өзіңізден де, ұлттан да, елден де алыстатып алуыңыз таң қалатын нәрсе емес. «Баламның бойына мейірімсіздік індеті қайдан келді?» деп зар жыласаңызда орны толмас өкінішке қалуыңыз мүмкін. Бұл мәселе турасында үлкен трибуналардан да айтылып жатады. Біз шағын мақалада жастарымызға ой сала отырып, халқымыздың салт-дәстүрлері мен шешендік сөз өнері маңыздылығын жеткізуге тырыстық. Радловтың сөзімен айтқанда: «… қазақ еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін шешен екен», ал сөзге деген шешендік ой-өрістің тереңдігінің қлшемі емес пе? Осындай айбынды, дана ұлдары бар, инабатты, көргенді қыздары бар, мәңгілік елдің өшпес тарихының иесі болашақ ұрпақты тәрбиелеуге неге ат салыспасқа?!
Қорыта келгенде айтарымыз, жастарға біліммен қатар тәрбие бірге жүргенде ғана жастардың бойына адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, елдік сана мен ұлттық рухты, халқымыздың мәңгілік ұлттық идеясын қалыптастыра аламыз. Ал оның таусылмас қоры ұлттық тәрбиеде екені даусыз. Ұлттық тәрбиеден нәр алған адам жалпы адамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, кемел адам сатысына көтеріле алады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Момышұлы Б. «Ұшқан ұя» – Алматы, 1974;
- Паустовский К. Г. «Повесть о жизни» Москва: «Хранитель», 2007;
- Шаханов М. Өлеңдер жинағы. Интернет материалдарынан;
- Таңсықбаева Б. А. «Практикалық қазақ тілі» – Алматы: ҚазККА, 2009;
- Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. – Алматы: «Алматыкітап», 2007.
Тлеуова Сағатгүл Амалбековна
Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты,
Қостанай қаласы.