Бұл мақалада балалар үйінің тәрбиеленушілерін қоршаған ортаға, әлеуметтік ортаға бейімдеуде тәлімгер маманның атқаратын маңызы көрсетілген. Тәлімгер маман игеруі тиіс қабілеттер мен білім, білік дағдылары көрсетілген. Балаларға жан-жақты тәрбие беру жолдары қарастырылған. Педагогикалық іс-шаралар мазмұны мен жоспарын жасақтаудың қадамдары айқындалған. Мақала балалар үйінің қызметкерлеріне, педагог-психолог мамандарға, тәлімгерге қолдануға бағытталған.
Түйін сөздер: балалар үйі, тәлімгер, тәрбие беру үрдісі, педагогикалық іс-шаралар, шығармашылық қабілетті дамыту.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген сөзі жоспар бойынша нақты іс-шаралар өткізу керегін білдірді[1]. Осы міндеттемелерден балалар үйінің тәрбиеленушілері де шет қалмауы тиіс. Тек бір жыл емес, жылдар бойы балалар үйінде өсіп келе жатқан балаларды психологиялық, педагогикалық жағынан қолдау, олардың тұлға болып қалыптасуына көмек беру – балалар үйіндегі әр маманның негізгі міндеті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, балалар үйінің саны соңғы он жылдан бері жиырма бестен он алтыға түсті. Яғни он жылдан бері тоғыз балалар үйі жабылды. Балалар үйіне келіп түскен балалар саны: ата-анасы уақытша қалдырған балалар саны 533, жетім балалар саны 493-ті құраған. Ал соңғы бір жылда балалар үйіне 831 бала келіп түскен [2]. Статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, біз балалар үйінде тәрбиеленушілерге ұйымдастырушылық, педагогикалық жағынан бағыт-бағдар беру мәселесі білім беру саласы үшін ғана емес, мемлекеттік, әлеуметтендіру, қоғамдық, азаматтық тұрғыда да өзекті деп танимыз.
- Жарнама -
Балалар үйінің қызметкерлері: басшылары, тәрбиешілер, басқа да мамандардың алдындағы міндет біреу – ол балаларды тәрбиелеудің маңызын түсіну, мәселелерді шешуге құзіретті болу. Соның ішінде балалар үйінде тәлімгерлердің маңызы зор. Өйткені олар балалардың базалық тұрмыстық дағдыларының қалыптасуына, балалар үйінде өздерін қауіпсіз сезінуіне, өзге де адамдармен, қоршаған ортамен үйлесімді, сау қарым-қатынас құра алуына жауапты болып табылады. Дегенмен де тәлімгерлердің балаға қаржылық, жыныстық сауаттылық, мақсат қою мен оған жету жолдарын үйретуде, балалардың оқу үлгерімі секілді мәселелерде құзіреттілігі төмен болып табылады.
Мақсаттың маңыздылығы | Мақсатқа жетуде тәлімгердің әсер ету мүмкіндігі | Басқасынан көбірек немесе азырақ қол жеткізілетін мақсат нәтижелері |
Ең маңызды | Тұрмыстық базалық дағдылар | Өз-өзіне қызмет көрсету, қаржылық сауаттылық |
Қауіпсіз мінез-құлық | Өз-өзіне залал келтірмеу | |
Орташа маңыздылық | Жауапкершілік | Өз құқығын қорғау, өз пікірін білдіру; Қиын жағдайлардан шығу, мақсатқа ұмтылу, азаматтық саналылық |
Қоғам тарапынан мақұлданатын мінез-құлық | Өз бетімен дамуға ұмтылу | |
Білім алу | Орта кәсіби білім алуға ұмтылу; Мектеп бағдарламасын меңгеру | |
Маңызы аз | Адамдармен қарым-қатынас құра алу қабілеті | Адамдармен қарым-қатынас құра алу қабілеті |
Шығармашылық қабілетін жүзеге асыру | Шығармашылық қабілетін жүзеге асыру | |
Отбасылық қамсыздандыру |
Тәлімгерлер әсер ете алады | |
Тәлімгерлер жартылай әсер ете алады | |
Тәлімгерлер әсер ете алмайды |
1-кесте.
Берілген кестеден тәлімгерлердің отбасылық қамсыздандырудан басқа салаларға әсері мол екенін байқаймыз. 100% нәтижеге жету, яғни баланы толық қалыптасқан тұлғаға айналдыру үшін бірінші кезекте баланың өз қалауы мен ұмтылысы, ішкі ерік-жігер күші қажет. Оған да тәлімгер әсер ете алатын бірден-бір адам, маман болып табылады. Тәлімгер өзінің білімі мен білігін жан-жақты дамытып, үнемі жетілдіріп отырса, эмпатиялық қасиет пен эмоционалды интеллектісін дамытатын болса, кестеде берілген сұр аймақтардың қызылға айналуына, яғни тәрбиеленушінің тұлғалық дамуына оң әсер етеді.
Балалар үйінің тәрбие беру жүйесіне балаларды тұлғалық дамыту, компенсаторлық, қорғаныстық, түзетушілік және бақылаушылық функциялар жатады. Әр балаға педагогикалық диагностиканың көмегіне жүгіне отырып, жеке тұлға ретінде түрлі әдістер таңдалып қолданылады. Тәлімгердің жұмысы әр баланың шығармашылық әлеуетін жоғарылатуды көздейтін іс-шаралар мен кешенді жұмысты ұйымдастыру болып табылады. Балалар үйінің тәрбиеленушілерінің жас ерекшелігі он сегіз жасқа дейінгі: мектепке дейінгі, кіші және үлкен мектеп жасы мен жасөспірімдік кезеңді құрайды. Бұл балалар көбінесе эмоционалды-тұлғалық деформация, тұлғааралық қарым-қатынас, өз бетімен өмір сүруге дайындықтың жоқтығы, болашақ мамандығын таңдауда қиналу секілді мәселелерге жолығады. Бұл мәселелер қарапайым отбасылардың балаларында да кездеседі. Бірақ балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін аталған мәселелерді шешуде екі есе күш-қайрат, біліктілік, эмпатия қасиеттері қажет болады.
Тәлімгер бірінші кезекте тәрбие ісін ұйымдастырушы болып табылады. Өз жұмысын толық атқару үшін тәлімгер тәрбие ісінің функцияларын (коммуникативті, баяндаушы, ұйымдастырушы, көрсетілімдік, аралық) , ұстанымдарын (атадан балаға берілу заңдылығы, мәдениетке сүйену ұстанымы, тұлға даярлауда орталықтандыру ұстанымы, тәрбие беруді демократизациялау ұстанымы), формаларын (белгілі бір әрекет түрін ұйымдастыру формасы, тәрбие жұмысының кешенді формасы, бақылау формасы, тәрбие ісін басқару формасы) меңгеруі және қай кезде қайсысын қолдануды жетік меңгеруі қажет [3, 87].
Тәлімгер тәрбиелік іс шараларды атқару барысында жылдық жоспар жасақтайды. Сол жоспар бойынша балаларға құқықтық тәрбие және мәдениеттік қауіпсіздік ережелері; интеллектуалды тәрбие; денсаулық сақтау; мәдени шығармашылық және эстетикалық тәрбие (балаларға арнап шеберханалар ұйымдастыру, шеберлік сағаттарын жасау, театрға бару, мерекелік іс шаралар ұйымдастыру, медиа жобалар жасау); адамгершілік және рухани тәрбие; азаматтық-патриоттық тәрбие; отбасылық құндылықтарға тәрбиелеу; экологиялық тәрбие; мамандық таңдау (профориентация жұмысы); еңбекке баулу; қаржылық сауаттылық секілді мәселелер қамтылады. Әрбір тақырыпқа жеке жоспар жасақталады. Жоспардың формасы мен мазмұны тақырыпқа қатысты нақты мақсат пен міндетке қарай құрылуы қажет. Сонымен қатар жоспар жазу барысында тәрбиеленушілердің қызығушылығы мен жас ерекшелігі есепке алынуы тиіс. Жоспар жазу барысында әр істің маманымен кеңескен жөн. Мысалы тәрбиелік іс-шараны педагог, психолог, тәлімгер бірлесіп жазады. Сонымен бірге мамандық таңдау тақырыбы бойынша профориентатормен, шеберлік сағаттары бойынша арт мастермен, т.с.с. алдын-ала барлық мәселе төңірегінде келісіп, кеңескен жөн. Тәрбиелік іс-шара барысында балалардың алған білімі теория түрінде қалып қоймай, тәжірибеде жүзеге асатындай, өмірлік пайдасы бар білімнің берілуіне мән берген жөн. Сонымен қатар балалардың белсенді болуын, қызыға қатысуын, өздерінің қалауын сұрап, соны орындауға тырысу қажет. Сол кезде тәрбиеленушілердің мінез-құлқында, олардың қоршаған ортаны тану қабілетінде, шығармашылық қабілетінде оң өзгерістер болады [4, 28].
Тәлімгер тәрбие беру барысында өмірлік мысалдарды келтіре отырып, балаларға білім береді; практикалық тапсырмалар беріп, ойындар ойнатып, тренингтер өткізеді; арнайы педагогикалық жағдаяттар туындатады; ұжымдық шығармашылық шаралармен айналысады; өзге де мекемелермен бірлесе отырып байқаулар мен іс-шаралар өткізуде, қатысуда белсенді болады; дөңгелек үстелдер мен жеке әңгімелесу форматында балалармен жұмыс жасайды; тамақ әзірлеу өнерімен таныстырады; балаларға қоршаған орта, адамдар, мінез-құлық, әдеп ережелері, ортада өзін ұстау, өзімен жұмыс істеу, мақсат қою және оған жету жолдарымен таныстырады. Сондықтан да тәлімгер маман балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің тәрбие мен біліміне жауапты, маңызды тұлға болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- https://arasha.kz/b-r-zhylda-831-bala-zhet-mder-uj-ne-tused/
- https://bala.stat.gov.kz/kz/doma-rebenka/
- Колесникова И. А., Горчакова-Сибирская М.П. Педагогическое проектирование: учеб. пособие для высш. учеб. заведений. М.: Издательский центр «Академия», 2005. 288 с.
- Гаврилычева Г. Ф., Селиванова Е. Ю., Титова В. В. Организация и планирование воспитательной работы в школе-интернате, детском доме: пособие для воспитателей и учителей. М.: Аркти, 2005. 310 с
БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІНЕ ТӘРБИЕ БЕРУДЕГІ ТӘЛІМГЕРДІҢ РӨЛІ
Д.Т. Поляева
Қ.Жұбанов атындағы АӨУ
1-курс магистранты (Қазақстан)