Қазіргі заман талабына сай өсіп келе жатқан жеткіншек технологияларды кеңінен пайдалануға бейім екені баршамызға аян. Сондықтан оқушы қызығушылығын сабақтың тиімділігін арттыру үшін және жалпы болашақ қоғамға бейім құзыретті өкілдерді тәрбиелеу үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданғанымыз жөн. «Сұранысқа сәйкес ұсыныс болуы тиіс» дегендей, заманның сұранысына қарай, талабына сай мұғалімдер де жұмыстануы тиіс.
Қазіргі мемлекетіміздің білім беру саласындағы алдына қойып отырған басты мақсаты – заман талабына сай кәсіби мұғалімді қалыптастыра отырып білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру. Бұл бағытта қазіргі гиперактивті балалардың энергиясын керекті бағытқа икемдеу, сол энергияны тұрақты, берік білім негізін қалыптастыруға бейімдеу, білім алу барысында меңгерген теориялық материалды өмірдің өзгермелі ситуацияларына қолдануға дайын жас ұрпақты дайындау – білім саласының басты мақсаты.
Болашақта өркениетті дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанды дамыған бәсекеге қабілетті елу елдің қатарында, терезесін тең ететін – білім. Сондықтан қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдына оқу үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Мектеп өміріне еніп отырған технологиялардың ерекшелігі өсіп келе жатқан жеке тұлғаны жан –жақты дамыту.
Бастауыш мектеп-оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін, ерекше құнды, қайталанбас кезең. Сондықтан бастауыш білім үздіксіз білім берудің алғашқы баспалдағы, қиын да жауапты іс. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс- тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде. Қазіргі заманның талабына сай болу және жаңа формация мектебінде жұмыс істеп жүрген педагогтардың алдында тұрған проблемаларды шешу негізгі мақсат болып табылады, олар:
-баланы оқи білуге үйрету
-баланы ойлауға үйрету
-баланың өзін-өзі тұлға ретінде дамуына жағдай жасау.
Педагогикалық әдіс-тәсілдер
- құндылықты-бағдарланған;
- әрекетті;
- тұлғалық-бағдарланған;
- кіріктірілмелі;
- коммуникативті
әдіс-тәсілдер пән бойынша оқу бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын құрудағы негізгі бағдарлар болып табылады.
Тәсіл – оқыту әдісінің элементі. Жоспарды хабарлау, оқушылардың зейінін сабаққа аудару, оқушылардың мұғалім көрсеткен іс-қимылдарды қайталауы, ақыл-ой жұмыстары тәсілге жатады. Тәсіл оқу материалын түсінуге үлес қосады.
Оқыту тәсілдерінің түрлері:
• ой, зейін, ес, қабылдау, қиялды жақсарту тәсілдері;
• мәселелі жағдаят тудыруға көмектесетін тәсілдер;
• оқушылардың сезімдеріне әсер ететін тәсілдер;
• жеке оқушылар арасындағы қарым-қатынасты басқару
тәсілдері.
Сонымен тәсілдер оқыту әдістерінің құрамына кіреді, әдістің
жүзеге асуына көмектеседі.
Оқыту әдістерінің басты қызметі — оқыту, ынталандыру, дамыту, тәрбиелеу, ұйымдастыру.
Оқыту әдіс-тәсілдері:
Құндылықты-бағдарланған тәсіл-оқушының құндылықтар жүйесін қалыптастырушы оқу-тәрбиелік үдерістің сәйкесінше формалары арқылы тұлғаның өзін-өзі танытуы үшін алғышарттар құруды көздейді.
Орта білім беру құндылықтары: қазақстандық отансүйгіштік және азаматтық жауапкершілік; құрмет; ынтымақтастық; еңбек және шығармашылық; ашықтық; өмір бойы білім алу.
Тұлғалық-бағдарланған тәсіл— педагогтің назарын оқушы тұлғасының тұтастығына, оның тек ақылойы, азаматтық жауапкершілік сезімінің ғана емес, сондай-ақ эмоционалдық, эстетикалық, шығармашылық нышандары мен даму мүмкіндіктерімен қоса рухани дамуы туралы қамқорлыққа шоғырландыруды көздейді.
Жүйелік-әрекетті тәсіл— оқу-тәрбие үдерісінде оқушының өз бетінше білім алуына бағытталып, осы мақсатта мұғалімнің тиімді іс-әрекеттің түрлі формаларын қолдануын көздейді.
Коммуникативтік тәсіл — бірінші кезекте оқушылардың ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын дамытуға, қарастырып отырған мәтін, қатысып отырған әңгіме мазмұнын түсініп, туындаған жағдаятқа сәйкес тілді қолданып үйренуге бағытталған.
Интегративтік тәсіл — оқу үдерісін жобалау және өткізу кезінде әр түрлі оқу пәндерінің мазмұнын өзара кіріктіру есебінен оқушыда әлемнің тұтас бейнесін қалыптастыруға жәрдемдеседі.
Бастауыш білім беру мазмұнына ортақ тақырыптарды енгізу әр түрлі пәндік салалардан білімдерді кіріктіруге және сол арқылы алынатын білімдердің функционалдығына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Зерттеу тәсілі — зерттеушілік әрекет дағдыларын дамытуға, ғылыми таным әдістерімен танысуға жәрдемдеседі, оқушыларда танымдық қызығушылық қалыптастырады.
Әдіс – оқу-тәрбие жұмыстарының алдында тұрған міндеттерді дұрыс орындау үшін мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жұмыс істеу үшін қолданатын тәсілдері. Әдіс арқылы мақсатқа жету үшін істелетін жұмыстар ретке келтіріледі. Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызып, оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді.
Интербелсенді әдіс – үйретуші мен үйренушілердің өзара әрекеттесуін оқытудың негізі деп танитын және сондай қатынасқа жағдай жасайтын әдістер. (inter – аралық, бiрнеше, action- әрекет дегендi бiлдiредi) Өзара әрекеттестiк әдетте, белгiлi бiр мәселенi шешу, ол шешiмнiң тиiмдiлiгi Бiз оқытуды және бiлiм берудi, егер сабақ барысында мұғалiм мен оқушы арасында өзара әрекеттестiктiң жоғары деңгейiне қол жеткiзсе, «интерактивтi” деп атаймыз. Интерактивтi сөзi – ағылшын тiлiнен аударғанда туралы әңгiмелесу, талқылау түрiнде өтедi.
Оқытуда қолданылатын көрнекілік әдістер
Көрнекілік әдісі. Әл-Фараби «Оқытудың негізгі әдісі — көрнекілік» деп, оның мақсаттарын, тәсілдерін (түсіндіру, әсерлендіру, есте қалдыру) ұсынады. Оқу материалын меңгеру көп жағдайда оқыту процесінде қолданылатын көрнекі құралдарға және техникалық құралдарға байланысты.
Көрнекілік әдісі оқытудың сөздік және тәжірибелік әдістерімен өзара байланыста қолданылады және құбылыстармен, объектілермен оқушыларды таныстырранда олардың сезім мүшелеріне әсер етіп, алуан түрлі сурет, көшірме, сызба арқылы құбылыс, процесс, объектілердің символдық бейнелерін немесе оларды табиғи күйінде қабылдайды. Қазіргі мектепте осы мақсатпен экрандық және техникалық құралдар кең қолданылады. Көрнекілік әдістерін шартты түрде екі үлкен топқа бөлуге болады: иллюстрация және демонстрация.
Иллюстрация әдісі арқылы оқушыларға иллюстрациялық құралдар – атап айтсақ: плакат, кесте, картина, карта, тақтадағы суреттер, үлгілер көрсетіледі.
Оқушылардың таным-белсенділігі деңгейіне қарай топтастырылған әдістер (И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин)
Түсіндірмелі-иллюстративтік әдіс. Бұл әдіс арқылы оқушылар ақпараттарды меңгереді. Оны басқаша ақпараттық-рецепция (қабылдау) әдісі деп атайды. Осы әдіс арқылы мұғалім дайын ақпараттарды оқушыларға түрлі құралдармен түсіндіреді, ал оқушылар ақпараттарды түсініп, естерінде сақтайды. Ақпараттар әңгіме, дәріс, түсіндіру, кітап, қосымша құралдар, көрнекі құралдар арқылы беріледі. Мұғалім – есептер шығарады, теоремаларды дәлелдейді, жоспар құруға үйретеді. Оқушылар — мұғалімнің іс-әрекетін қайталайды, тыңдайды, көрнекіліктеріне қарайды, заттармен жұмыс істейді, оқиды, бақылайды, жаңа оқу материалдарын бұрынғы білімдеріне қосады.
Түсіндірмелі-иллюстративтік әдіс арқылы адамзат жинақтаған тәжірибені аз уақыт ішінде беруге болады. Оның пайдасы ғасырлар бойы тексерілген және көп елдерде қолданылады. Түсіндермелі-иллюстративтік әдіс бастауыш мектептерде кең тараған. Ол арқылы білім «дайын» күйінде беріледі. Мұғалім материалды қабылдауға көмектеседі, оны оқушылар түсініп, естерінде қалдырады. Бұл әдісті шектен тыс қолдануға болмайды.
Репродуктивтік әдіс. Бұл әдіс арқылы мұғалім оқушының іскерлігін және дағдыларын қалыптастырып, тапсырмалар беріп, өзі меңгерткен білімді, үйреткен іскерлік дағдыларын оқушыларға қайталатады. Оқушылар мұғалімнің есебіне ұқсас есептер шығарып, тіл сабақтарында үлгі бойынша жіктейді, септейді, жоспар құрып, мұғалімнің нұсқауымен станоктармен жұмыс істеп, химиядан, физикадан тәжірибе жасайды. Репродуктивтік әдіс мұғалімнен ұйымдастырушылық қабілетті талап етеді. Мұғалім сөздік, көрнекілік, тәжірибелік әдістер арқыл ы жаңа оқу материалын түсіндіреді, ал оқушыл ар оларды тапсырмаларды орындау үшін қолданады.
Репродуктивтік әдіс бағдарламалық оқытумен тығыз байланысты. Ол арқылы тәжірибелік жұмыстар атқарылады. Оқушылар өз бетімен меңгере алмайтынын, олар үшін мүлдем жаңа тақырыптарды репродуктивтік әдіспен беру керек.
Мәселелік әдісті қолданғанда оқушылар орындайтын іс-әрекеттен шығармашылық іс-әрекетке көшеді. Бастауыш мектептің оқушылары мәселелік міндеттерді өз бетімен шеше алмайды, сондықтан мұғалім оларға мәселені шешу жолдарын көрсетеді, мәселені толықтай өзі шешеді. Оқушылар мәселені шешпесе де, танымдық қиындықтарды шешу жолдарын көреді. Мәселелік әдістің орта және жоғары сыныптарда пайдасы көп. Зерттеу әдісі шығармашылық жұмыс тәжірибесін жақсы үйрену үшін қолданылады. Зерттеу әдісі арқылы оқушы білімін қолданып, ғылыми таным әдістерімен жұмыс істеп үйреніп, жаңа мәселелерді шешу тәжірибесін жинақтайды.
Оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру әдісі
Дедуктивтік әдіс арқылы мұғалім ережелерді, формулаларды, заңдарды түсіндіріп, оны оқушы меңгереді. Аталған әдіс оқу материалын тез меңгеруге көмектесіп, абстрактылы ойлауды дамытады. Оны теориялық материалдарды оқуға, есептер шығаруда қолданған дұрыс. Эвклидтің элементарлық геометриясы дедуктивтік әдіспен оқытылады. Бірақ оқушылардың дайындығын қатаң түрде ескеру керек. Егер олар кейбір ұғымдарды, теорияларды білсе, онда мұғалім оларды жеке зат және құбылыстарды меңгерту үшін қолданады.
Индуктивтік әдіс. Индукция — латын сөзі. Оқушыларды белгілі бір қорытындыларға әкелу. Алдымен оқушыларға жеке заттар, құбылыстар түсіндіріледі, фактілерден қорытындылар шығартады. Индукция әдісі дедукциямен бірге қолданылады.
Осы екі әдіс арқылы ой-тұжырымдарын жасау — оқытудың логикалық негізі болып табылады. Оқу пәнінің мазмұны, логикасы бағдарламасы индукция әдісін қолдануды талап етеді. Индукция әдісі бастауыш сыныптарда жиі қолданылады. Себебі Бұл жастағы балалар нақты жеке құбылыстарға қызығады. Олардың кейбір белгілерін анықтап, талдап, қорытындылар жасайды. Осылайша жасалған ұғымдарын сөз арқылы айтады. Осы кезден бастап дедукция әдісі қолданыла бастайды.
Импрессивтік әдістер. Импрессия (латын сөзі, әсер, толғаныс, сезім) әдісі арқылы балалар мен жастар немесе ересектер шығарма және оның авторы туралы ақпарат алып, оны талдап, шығарманық негізгі идеясын айтады. Оқушы шығарманық негізгі идеяларын оның кейіпкерлерінің мінез-құлқымен, жүріс-тұрысымен салыстырады, өзінің сөзі мен ісіне ойлана қарай бастайды.
Экспрессивтік әдістер. Экспрессия (латын сөзі, бейнелеу) әдісі арқылы жасалған жағдайда оқушылар нақты құндылықтар жасап, өздерін танытады. Оның жақсы мысалы оқушылардың сахналық қойылымдарда түрлі рөлдерде ойнауы, сценарий жазулары, режиссер, ұйымдастырушы болулары, қарапайым шығарманы сахнаға лайықтап қоюы.
Ынталандыру әдісі
Қызығушылықтың үш түрі:
• іс-әрекетке деген оң көзқарастың болуы;
• танымның баланы жақсы сезімге бөлеуі;
• іс-әрекеттің баланы ынталандыруы.
Мұғалімнің сөйлеу мәдениеті де оқушы сезіміне әсер етеді. Оқулық тақырыптарының мазмұны — оқу іс-әрекетіне қызықтыратын негізгі құрал. Оқуға қызықтырудың өте жақсы әдісі — танымдық ойындар. Пікірсайыстар да оқушыны оқуға қызықтырады. Үлгерімі төмен оқушыларды жеткен жетістігіне қуанту да олардың оқуға ықыласын арттырады.
Жауапкершілікті қалыптастыру әдістері.
Тәсілдері:
• оқушыға оқудың өзіне және қоғамға пайдасын түсіндіру;
• талап қою;
• талаптарды орындауға үйрету;
• өз міндеттерін жақсы атқаратындарды мадақтау;
• керек жағдайда жазалау әдісін қолдану;
• оқушыға кемшіліктерін айтып, оларды түзетуге көмектесу. Оқушыға оқудың өзіне және қоғамға пайдасын түсіндіру үшін мұғалім өндірістің дамуына ғылымның қалай әсер еткенін айтып, білімділік еңбек өнімділігін арттырып, жаңашылдыққа әкелетінін дәлелдейді.
Оқудағы мадақтау және жазалау әдістері.
Мадақтау түрлері:
• баға қою;
• тапсырмалар арқылы оқушыны табысқа жеткізу;
• оқушыны тәжірибе және зертханалық жұмыстарды жүргізуге көмекші етіп алу;
• топтық тәжірибелік жұмыс кезінде оқушыға бөлімшелерді басқарту;
• үлгерім және сабаққа қатынас көрсеткіштерін шығару;
• білімнің қоғамдық байқауының қорытындылары бойынша мадақтау;
• жақсы оқитын оқушылардың үлгерімі төмен оқушыларға көмектесуі, т.б.
Жазалау түрлері:
• сабақта оқушыға ауызша ескерту жасау;
• күнделікке, дәптерге «қанаттанғысыз» баға қою;
• қателерін айтып, қосымша жұмыс істеуді талап ету.
Ойын — оқыту әдісі. Оқыту мақсатында қолданылатын ойындардың түрлері көп. Ойын — қанағат алу үшін жасалатын іс-әрекет. Ол мектеп жасына дейінгі балалардың іс-әрекетінің негізгі түрі, ал оқушылар мен ересектер ойынды сабақтан және жұмыстан қолы бос кездерінде ойнайды. Бірақ оқуда да, еңбекте де ойын элементтерін қолдануға болады. Ойын туралы көптеген теориялар бар. Солардың бірін алғаш рет жасаған Ф.Врубель. Ол ойын арқылы бала өзін-өзі көрсеткісі келеді дейді. М.Лазарус жұмыстан кейін демалу теориясын, Г.Спенсер ойын арқылы денедегі артық энергияны шығару, К.Крус тіршілік үшін күреске әзірлеу ойындарының, С.Л.Рубинштейн еңбекке дайындайтын ойындарының теорияларын жасады.
Осы әдіс-тәсілдердің мұғалім бойындағы қалыптасуы мұғалімнің шығармашылдыққа бет бұрғандығының көрсеткіші бола алады. Алғашында оқушы алдындағы сенімге ие болу мен танылу, жаңашылдық пен шығармашылыққа ұмтылу, өзіндік жетілу мен өзіндік даму, баламен жұмыс жасау барысындағы қиыншылықтарды оңтайлы шешу, балада білімге деген талпынысты қалыптастыру, өзін өз ісінің шебері ретінде таныту мен адал қызмет жасау түрінде байқала бастаған қызмет түрткілері құзырлылықтың, кәсібиліктің негізіне айналады. Кәсіби құзырлылық деңгейіне жеткен маман шығармашылық жұмыс нәтижесінде өзіндік тәжірибесінің ерекшеліктерін көруге, өз тәжірибесінің мақсатқа жетудегі артықшылықтарын, оған жетудің тиімді жолдарын және болжамды нәтижені сипаттап, ұзақ уақыт тиімді де, жоғары нәтижені ұстап тұру мүмкіндігіне ие болады. Тәсілдерді сабақта тиімді қолданысқа енгізсеңіз, баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді, оқушылар оқудың қызықты жеңіл өтетіндігін, ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға үйрететіндігін, білімнің тереңдігі, әрі тиянақтылығы артатындығын баяндайды. Білім беру мазмұнын жаңарту аясында өз кәсіби біліктілігімізді шыңдап, құзыреттілігімізді қалыптастырсақ қана тиімді нәтижеге жетеміз деп сеніммен айта аламын. Жаңа әдіс-тәсілдерді жүзеге асыру, тиімділігіне қарай пайдалану үшін, әр мұғалім өзінің алдында отырған оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогикалық мақсат — мүддесіне байланысты,өзінің шеберлігіне байланысты таңдап алады. Жаңа әдіс-тәсілдерді жүзеге асыруда мұғалім белсенділігі, шығармашылық ізденісі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдындағы шәкірттерін бағалауы ерекше орын алады.
Қолданылған әдебиеттер:
1. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ».
2. Захарова Е. А. Требования к профессиональному развитию педагогов в условиях последипломного образования // Молодой ученый. – 2011.- №3
3. Митина Л. М. Психология труда и профессионального развития учителя. М., Академия, 2004
4. Егоров С. Ф. К. Д. Ушинский. М., Просвещение, 1977
5. Бабанский Ю.К.. Методы обучения в современной общеобра-зовательной школе. — Москва: Просвещение, 1985. — 208 с.
6. Педагогика. Учебное пособие для студентов педагогических вузов и педагогических колледжей / Под. Ред. П.И. Пидкасистого. — М: Педаг. Общество, 1998. — 640 с.
7. М.Жұмабаев. Педагогика. — Алматы: Ана тілі, 1992. -160 б.
8. Г.Қ.Нұрғалиева. Педагогиканық логикалық-құрылымдық курсы, — Алматы, 1996.
9. Оконь В. Введение в общую дидактику. — Москва: Высшая наука, 1990.