Адамзат тарихының әр кезеңінің адам өміріне әкелер жаңалықтары таңғажайып. Адам болмысының қоршаған табиғатты білсем, оның беймәлім заңдылықтарын ашсам деген талпынысының нәтижесінде бүгінгі күні біз үлкен жетістіктерге қол жеткізудеміз.
Адам табиғат заңдылықтарын танып білу арқылы өзінің бойына тән қасиеттерін де жан-жақты аша түсуде. Кезінде адамдар үшін таңсық болған радио, телефон, теледидар сияқты техникалық жетістіктермен қазіргі заманның ұрпағын таңқалдыра алмайсыз. Әр заман өзіне сай талаптар қойып соған тән ұсыныстар жасайды. Интернет бүгінгі күннің ең басты қажеттілігі, тіпті адамның өмір сүру мүмкіншілігі деп айтсақ та артық болмайды. Сондықтан бүгінгі таңда интернет арқылы оқуға болады деп болжауға бола ма деген сұрақтың айналасында мәселелер қозғап, оның артын күту үлкен қателік болып табылар еді. Оның орнына біз технологиялық мүмкіндіктердің көмегімен адам күнделікті қажеттіліктерін мүлдем басқа деңгейде шешетіндігіне, өз уақытын тиімді пайдаланатындығына басты назар аударуымыз керек. Тіпті интернет арқылы біз уақытты ғана емес сонымен қатар кеңістіктің өзін өз дегенімізге бағындыра бастадық. Басқа құрлықтағы адамдармен байланысқа түсу, олардың қандай жұмыспен айналысып жатқандығын білу үшін санаулы минуттай уақыт керек екендігі соның дәлелі. Ал енді онлайн байланыс арқылы олармен бірге жұмыс істеп, белгілі бір нәтижелерге келу, вебинар арқылы ол мәселені құрлықтағы (бір кабинеттегі емес құрлықтағы екендігіне назар аударыңыз) басқа адамдармен жан-жақты талдау мүмкіншілігі тек интернет арқылы екендігін атап өту қажет. Яғни интернет үшін кеңістік, ара қашықтықтың алшақтығы проблема емес. Тіпті интернет жер планетасын орап алған өрмекшінің өрмегі іспеттес. Интернетті білмеген адам сол өрмектің құрбаны деп суреттеуге болады. Ендеше «интернет қажет пе?», деген сұрақтың орнына, «біз бүгінгі күннің талабына құрбан болғымыз келеді ме?», деген сұрақты қойған оңды болар еді. Яғни біздің мақсатымыз өрнектің торына түсіп құрбан болу емес, керісінше сол өрнекке алған біліміміз арқылы өзіндік ерекшелік енгізе білу.
Ендеше мектеп қабырғасында интернетті белсенді түрде пайдалану соның алғышарты болып табылады. Әрине ересектер үшін интернет өте таңсық нәрсе екендігін дәлелдеудің қажеті жоқ. Мектеп қабырғасынан білім алудың ғасырлар бойы қалыптасып қалған түрін өзгерту өте қиын процесс. Дегенмен бұл уақыт талабы, қазіргі заманның шындығы, біздің ұрпағымыздың өз құралыптастарынан қалыс қалмау мүмкіншілігі екендігін жіті түсінуіміз керек. Ол айтарлықтай төзімділікті, табандылықты қажет етеді. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, ол ата-ана және бала арасындағы қатынасқа да айтарлықтай өзгерістер енгізді десек, артық айтпаған болар едік. Қалыптасқан тәрбие мәселелеріне келетін болсақ бала ата-анасын тыңдауы, солардың айтқанын істеуі тиіс екендігі белгілі, ал енді бұл қатынасқа интернет қандай өзгерістер енгізді? Шындығына келгенде интернет десек бұл қатынас керісінше сипат алатындығын мойындауымыз қажет. Яғни ата-анасы баланың орнын алып, оны тыңдауға, соның айтқанын істеуге мәжбүр. Бұл заманауи шындық. Мұны түсіну ата-анадан күнделікті тіршілікті басқаша қабылдай білуді қажет етеді. Байқап отырсақ бұл жерде интернет сонау заманнан келе жатқан «әке мен бала арасындағы проблеманың» шешуін табатын кілттердің бірі секілді. Яғни интернет арқылы әке мен бала арасындағы қатынас өзгеше көрініс табады. Интернет оларды жақындастырып, өзара қатынастарды күшейтіп, белгілі бір түсіністікке әкеледі десек те болады. Сондықтан мектеп қабырғасынын бастап интернет желілері арқылы білім алуға тежеу болмай, оған керісінше мүмкіндік жасау, бүгінгі күні мемлекеттің ғана емес, әрбір ата-ананың борышы екендігін нақты түсініп оған мүмкіндігінше ат салысып, жағдай жасауымыз қажет.
Сонымен интернет желілері арқылы жүргізілетін онлайн сабақтың қандай артықшылықтары, немесе кемшіліктері бар деген сұраққа жауапты мен бұл мақаламда мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттаған балалардың мәселесімен байланыстыра отырып қарастыруды жөн көрдім. Бұл жерде ең алдымен мектеп қабырғасын алғаш рет ашқан жас баланың психикасында болатын өзгерістерге назар аударайық. Мектеп қабырғасына алғаш рет қадам басқан әрбір бала өзіне таңсық ортаға түседі. Әрине ол оған дейін балалар бақшасында болып, әлеуметтік ортаға үйренді деп айтуға болады. Дегенмен балалар бақшасы мен мектептің айырмашылығы өте зор екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Балалар бақшасында болған бала мен мектеп қабырғасындағы балаға қойылатын талап әлдеқайда өзгеше. Мектеп қабырғасындағы баладан ең алдымен жауапкершілік талап етіледі. Оның жасаған ісі қажетті түрде бағаланады. Әрбір баланың мінез құлқы әртүрлі болғандықтан жаңа ортаға бейімделу процесі де әртүрлі болады. Бала бірден өзі түскен ортада өзін еркін, ашық сезіне алады ма деген сұраққа біз нақты түрде жауап бере алмаймыз. Белгілі бір жағдайларға байланысты бала өзін жат сезінуі немесе бейімделуі ұзаққа созылуы мүмкін. Ал мектеп қабырғасындағы әрбір жасаған ісі белгілі бір шкаламен бағаланатындықтан, уақытында бейімделіп үлгермеген баланың істері төмен бағалануы мүмкін. Ол оның психикасына айтарлықтай әсер етіп, оның ішкі мүмкіндіктерін ашуға тежеу келтіреді. Бұл жерде назар аударатын басты мәселе, оның санасында мен басқалардан нашар екенмін деген көзқарас қалыптасуы мүмкін. Екінші бір мәселе баланың физикалық мүмкіншіліктері. Әрбір баланың дене құрылысы әртүрлі болғандықтан біреуі екіншісіне қарағанда әлдірек болады. Нәтижесінде екінші балада мен әлсізбін деген көзқарас пайда болып, мұның өзі оның жан-жақты ашылуына тегеурін болуы ықтимал. Тағы да бір жеке тоқталуды қажет ететін жағдай әлеуметтік теңсіздік мәселесі. Яғни мүмкіндігі бар ата-аналар өз баласының жақсы киінгендігін, дұрыс тамақ ішкендігін қалайды. Дегенмен бұл қазіргі күні екінің бірінің қолынан келе бермейтіндігі де шындық екендігін жасырудың қажеті жоқ. Осы мәселелердің барлығы білім алу барысында баланың бойына тән қасиеттерінің жан-жақты ашылуына кері әсер етіп, оның дамуына кедергі тудырады. Сонымен қатар бірінші сынып оқушыларын мектепке алып бару мен алып келу мәселелері де жұмыста жүрген ата-аналары үшін бірқатар қиыншылықтар туындатады. Онлайн сабақ барысында баланы сабаққа апару үшін жұмыстан шығудың, үлкен кептелісте тұрудың, қазіргі пандемия кезінде лық толы автобуспен жүрудің қажеті болмай қалады. Үй жағдайында бала өзін әлдеқайда еркін сезінеді, бұл оның оқу процесіне толыққанды араласуының алдыңғы шарттарының бірі болып табылады. Әрине мұндай процесс ата-аналардан да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ең алдымен олар білім алудың қажеттілігін баланың сана сезіміне дұрыс жеткізе білулері керек. Білімге деген құштарлықты оята білген жөн. Оқу процесін ойын түріне айналдыруды, алға қойған мақсатқа жету әдістерінің бірі ретінде қарастыруға болады. Яғни сабақ барысында дұрыс шығарылған есептің немесе дұрыс жазылған сөйлемнің әрқайсысы үшін монитордың шетінде тиесілі балл қойылып, оның мөлшері сабақ барысында көбейіп немесе керісінше азайып отырса, ол баланың сана сезімінде белгілі бір қызығушылықты оятып, білім алу процесіне тартымдылықты күшейте түсер еді. Әр баланың бойында жеңіске деген құштарлық бар екендігін ұмытпағанымыз жөн. Екінші жағынан монитордағы көрсеткіш ұстаздар үшін де айтарлықтай көмек болар еді. Яғни ұстаз әр баланың үй жұмысын, немесе сабаққа қалай қатысқандығын бақылауға уақытын босқа жұмсамай, уақытын білім беру процесін қаншалықты оңтайлауға, қосымша әдістерді қолдануға жұмсар еді. Әрине мұндай мүмкіншіліктерді жасау, интернет арқылы оқытудың жаңа технологияларымен, материалды тиімді игеру үшін әртүрлі бағдарламаларды әзірлеумен тығыз байланысты. Баланың басталған жұмысты қисынды аяқтауға өзіндік талпынуы ең алдымен тәртіптілікті қажет етеді. Бұл жерде ата-ананың берер тәрбиесінің маңызы өте зор. Олар онлайн сабақтың қалай өтіп жатқандығын мүмкіндігінше назарларынан тыс қалдырмаулары тиіс. Ол үшін міндетті түрде баланың жанында отыру қажет емес, жұмыста отырып баланың сабақтарына онлайн қатысу мүмкіндіктері бар екендігін ұмытпаған жөн. Онлайн сабақтың тағы бір артықшылығына тоқталатын болсақ, сабақ барысында оқушы ұстаздың берген барлық материалын толық меңгере алмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол интернет арқылы ұстаздың айтқандарын қайтадан тыңдап, материалды толық түрде меңгеруге мүмкіндік алады. Әрине онлайн сабақ баланың әлеуметтенуіне кедергі келтіреді деген көзқарастың бар екендігін де мойындаған жөн. Алайда онлайн түрде сабақ оқығандар қоғамдық өмірден оқшауланып қалады деген көзқарас, проблеманы бір жақты ғана қарастырғандық десек артық айтпаған болар едік. Баланың әлеуметтенуі үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Ауланы қоспағанда, әр түрлі үйірмелер, спорттық секциялар соның кепілі.
- Жарнама -
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, қоғамдық өмірге еніп жатқан әрбір жаңашылдық жан-жақты талдауды қажет ететіндігін ескере отырып, оның ішінде бұл мәселе жас ұрпақтың жеке өміріне оның болашағына тікелей байланысты болғандықтан оған жете және байыпты түрде қарауды орынды деп есептеймін.