Жоспары:
Кіріспе:
Ұлы дала қоңырауы — Ыбырай
Негізгі бөлім:
1. Ыбырай Алтынсарин — қазақ балалар әдебиетінің атасы
2. Ы.Алтынсарин шығармаларын мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы оқыту
Қорытынды:
Ыбырай арманы-білімді ұлт.Ұлттық жоба бастауы.
Кел, балалар оқылық,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық! Ы.Алтынсарин
Осы өлең жолдарын қазақ даласында білмейтін адам кемде-кем шығар, сірә! Қоңырау үнімен мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіннің алғашқы тақпағы болып оқулыққа енген осы өлең жолдары жүз жылдан аса уақыт әрбір қазақтың жүрегінде сақталып келеді. Ұлы дала балаларына қозғаушы күш ретінде оқуға үндеген, жаңашылдық пен ізденімпаздыққа бағыттаған педагог кім еді?
XIX ғасырдың екінші жартысында өз еңбектері мен шығармалары арқылы білім мен өнерге, еңбек пен адамдыққа тәрбиелеуде қазақ даласында ұлт педагогикасына ағартушылықпен ерекше үлес қосып, Отанын шексіз сүю мен оған қалтқысыз қызмет етудің үлгісі болған асқаралы тұлға — Ыбырай Алтынсарин. Ағартушының өнегелі өмірі мен өресі биік талантымен өрілген шығармалары мен ұлы классиктер еңбектерінен аудармалары тарихта алтын әріппен жазылса да, күн өткен сайын өз өзектілігін жоғалтқан емес. Себебі, Ыбырай қай салада болмасын ұлы адамзатпен бірге жасайтын мәңгі өшпес, ескірмес идеяларды көтерді, шығармаларына арқау етті, тер төкті. Еңбекқорлылығы, ізденімпаздығы, халқына деген шексіз сүйіспеншілігі оған әр уақытта демеу болып, осы қасиеттері арқылы ол қажымай талмай өзі ашқан мектептеріне оқу бағдарламаларын құрастырып, соларды балалардың санасына құйып, тәрбиелеудің әртүрлі жолдарын іздеуден жалықпады. Бұл ізденістері оның еңбектерінде айқын көрініс берді, тарих беттерінде Ыбырай атамыз «Ұлы дала қоңырауы» атанды.
Қазақ елі Ыбырай Алтынсаринді қазақ педагогикасының негізін салушы,прозаик және ақын деп қана білмей,қазақ балалар әдебиетінің атасы, негізін қалаушы деп те таниды.
Ыбырай балалар әдебиетіне тән көп шығармаларды жазуда алдына үлкен мақсаттар қояды. Балалар әдебиеті тақырыбына жазылған «Кел балалар, оқылық!» «Өнер ,білім бар жұрттар», «Әке мен бала», «Бақша ағаштары», «Жаман жолдас»,«Мейірімді бала», «Ананың сүюі», «Талаптың пайдасы» И.Крыловтан «Қарға мен түлкі», «Егіннің бастары» Л.Толстойдан «Полкан деген ит» И.И Дмитриевтен «Екі шыбын» Паульсоннан «Талаптың пайдасы» «Үш ұры», «Алтын шеттеуік» сияқты көптеген шығармаларды аударды. Орыс классиктерінің бала тәрбиесінде қорқақтық, өзімшіл, тәкаппар болу мен өтірік айтудан жиренетін, сүйіспеншілік пен қайырымдылықты насихаттайтын балалар тақырыбына шығармаларын іріктеп, кітап жазды.
Ыбырай балаларға арналған шығармаларында қандай тақырыпта жазса да, алдымен нені мысал етіп көрсетуге болар еді деген мәселеге тоқтайды, балаға қызықты материал іздейді. Жазған шығармасын өмірде кездесетін баланың өзі назар аударатындай заттармен, іс-әрекеттермен байланыстырып отырады. Бұл шығармалардың барлығы да әрі қысқа, әрі мазмұнды , әрі көркем,қазақ баласының табиғатына, жас ерекшелігі мен білім көлеміне сай, түсінуге жеңіл, тәрбиелік жағынан шебер құрылған шығармалар. «Мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшыл тұрмыстың артықшылығына үйретудің өзі қазақ даласына тәрбиелік мәні бар жұмыс деп білемін» -дейді ұлы педагог. Алтынсариннің барлық өлеңдері мен әңгімелерінің мазмұнында да өзі айтқан негізгі идея баяндалып отырады.
Ы.Алтынсарин еңбектерін, соның ішінде балалар әдебиетіне қосқан үлесі туралы С.Асфендияров, М.Әуезов, Сыдықов Ә, Эфиров А, Ф.Сәтбаева Ш, Қ.Жұмалиев, Мазохин А, Соколов Ф және т.б көптеген ғалымдар мен жазушылар естеліктер мен ғылыми еңбектер мен зерттеулер жазды.
Кемел келешегіміздің тұтқасы — жас ұрпақты қоғам талабына сай ерте жастан тәрбиелеу мен оқыту қай қоғамда да, қай ұлтта да педагог-ғалымдардың ерекше назар аударған өзекті тақырыбы, саясаттың ажырамас бөлшегі болып табылады. Ыбырай да ұлы педагог ретінде ерте жастан балаларды жан-жақты, заманауи, мәдениетті, ұқыпты, үлгілі болуға бағыттайды, «Қазақ хрестоматиясы» (1879ж) кітабын шығарып, мектеп ашады. Педагогикалық принциптерін айқындайды. «Мен жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен артық көремін» — деп өзі айтқандай, оның мұғалімдерге арнап жазған хаттары ұстаз қауымының тілектері мен мұқтаждығына ерекше қамқорлық жасап, көңіл қоятындығын көрсетеді. «Педагог мәртебесі туралы заңның» көтерген кейбір мәселелерінің үндестігін анық байқауға болады. ХIХ -шы ғасырдың аяғында Ыбырай Алтынсариннің өзінің педагогикалық қызметінде ұстанған негізгі принциптері ХХI – ші ғасырға аяқ басқан, 30 жылдық тарихы бар Қазақстанның заманауи педагогикасында да өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, олар уақыт өткен сайын жаңа серпінге ие болып, дами түсуде. Бүгінгі күні мектеп жасына дейінгі балаларды оңай әрі дамыта оқыту, тәрбиелеу принципі де Ы. Алтынсарин педагогикасынан бастау алатындығының дәлелі.
Егемен еліміздің талабына сай мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басты міндеттерінің бірі- инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы жан-жақты, коммуникативтік-тілдік дағдысы дамыған, сыни ойлай алатын, командалық әрекетке бейім , білімді де зияткер тұлға қалыптастыру. Осы орайда жаңа заман баласының тұлғалық қалыптасуы мен олардың шығармашыл, белсенді де еркін дамуына заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану мектепке дейінгі тәрбиелеу мен білім беру сапасын арттырады. Ақпараттық технология арқылы оқыту, түрлі платформаларды пайдалану мен интерактивті тақта мүмкіндіктері, флипчарт әдісі, ТРИЗ технологиясы арқылы баяндау, АРТ терапия, заманауи театр түрлерін қолдану, миға шабуыл, ашық сұрақтар, 4К моделімен жұмыс арқылы өз тәжірибемізден өркениеті мен білімі жағынан үлгі боларлық Жапония мен Сингапур, Германия сияқты мемлекеттер тәжірибесіне негізделген жаңартылған білім беру мазмұнының кейбір элементтерін қолдану барысында да Ыбырай салған сара жолымен байланысын көреміз.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ортаңғы, ересек және мектепалды топтарында көркем әдебиет, сөйлеуді дамыту оқу қызметтерінің жылдық жоспарына Ыбырай Алтынсариннің балалар әдебиетінің үздік шығармалары : мектепалды топтарда «Кел балалар, оқылық!», «Қарға мен түлкі», «Ананың сүюі», ересектер тобында «Жаман жолдас», «Әке мен бала», «Қарға мен түлкі», ортаңғы топтарда «Әке мен бала », «Өрмекші, құмырсқа және қарлығаш» әңгімелері үлгілік оқу бағдарламасы негізінде жылдық жоспарына енгізілген. Бұл шығармаларының қай-қайсысында болмасын Ыбырай мектеп жасына дейінгі балаларды өнер-білімге, еңбекке, биік талғам мен еңбекке үндеумен қатар, ұлттық болмысымызды бейнелейтін құндылықтарымызға дәріптейді.
Балабақшаның мектепалды топтары мен ересектер тобында жоспарланған «Кел, балалар оқылық» және «Ананың сүюі» өлеңдерін оқытуда кіріктірілген оқу қызметтерінде өз тәжірибемізде қолдану барысында балалар ақпараттық-коммуникативтік технология арқылы оқыту барысында жеке және топтық тапсырмаларды педагог жетекшілігімен ойын арқылы орындай отырып, нәтижесінде флипчарт әдісінің анимациялық тәсілі арқылы мультфильм құрастырып, визуалды- бейнелеу дағдысы қалыптасты. Ал, «Жаман жолдас», «Әке мен бала» әңгімелерін ересектер тобында құрылымдалған ойын арқылы сахналау нәтижесінде балалар магнитті тақта арқылы шығарма кейіпкерлерін ретімен қоя отырып, бірізділікпен баяндай алды.Ортаңғы топтарда жоспарланған «Өрмекші қарлығаш және құмырсқа» әңгімесін балалар кіріктірілген зерттеу- эксперименттік әдіс және бейнелеудің дәстүрлі емес Эбру әдісі арқылы бейнеледі. Ыбырай атамыздың әңгімесін балалар түсініп, алғашқы зерттеуге қызығушылық танытты.Балалардың шығармашылық қиялы мен сахналық алғашқы қадамдарын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған театр үйірмесінде «Қарға мен түлкі» аудармасын сахналай отырып,командалық жұмысқа бейімделді.
- Қорыта келгенде , қазақ халқының келешегіне жарық нұрын себелеген ұлы тұлға Ыбырай Алтынсарин өз идеялары мен педагогикалық ұстанымдарын өз дәуірінде жүзеге асыруда түрлі тосқауылдарға кездессе де,табандылықпен мақсатын жүзеге асыра білді.Ыбырай арманы-білімді ұлт қалыптастыра отырып,болашаққа сеніммен қарау.Білім адамды рухани байытып, жаныны жадыратады, жақсылыққа жетелейді,көңілін көтереді, рухын нығайтып, жігерін күшейтеді. «Білімді ұлт-сапалы білім беру»(Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 ж 12 қазан №726 қаулысы) ұлттық жобасы негізі-Ы.Алтынсарин педагогикалық идеяларының бастауы деп білемін.
Ыбырай шығармаларын жас ұрпақты түрлі әдіс-тәсілдермен тәрбиелеу өзектілігі, оның мұраларын дәріптеу-бүгінгі ұрпақ, педагогтар, біздің еншімізде. Біз болмасақ- Сіз барсыз, Үміт еткен, достарым!,- деп аманаттаған ұлы мұраны ұлықтауға шақырамын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Пайдалаған әдебиеттер
1.Ы.Алтынсарин. Қазақ әдебиеті: Алматы: Ғылым, 1979.-110 б
2.Ыбырай Алтынсарин. Таңдамалы шығармалар .- Алматы «Ғылым», 1994.-289 б
3. Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. 2-кітап. –Павлодар: Арман, 2004
4. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы – Алматы, «Ана тілі», 1992ж, 448 бет
5.Ыбырай Алтынсариннің тағылымы (Әдеби- сын мақалалар мен зерттеулер) Алматы Жазушы 1991 ж 186б,226 б
6 Дербісәлин Ә « Ы.Алтынсарин-ұлы педагог,ағартушы, жазушы»