Еңбек – адамның өміріндегі ең қасиетті де қадірлі құндылықтардың бірі. Ол адамды шыңдап, өміріне мән мен мағына береді. Еңбекпен өрілген өмір – бұл маңдай термен келген жетістіктер мен қуанышқа толы күндер. Оразалы атамыздың елге үлгі боларлық өмір жолы бар, кейінгі ұрпаққа үлгі етсек, болашақ жастарымыздың алары мол. Қалмұратұлы Оразалы атаның еңбек жолы ауылдың дамуына сүбелі үлес қосқан қарапайым еңбекқор азаматтың өрісті өмірін айшықтайды. 1927 жылы дүниеге келіп, білімге құштар жас Оразалы ата 1934 жылы туған ауылындағы орта мектепте оқуды бастап, 1944 жылы Шошқабұлақ ауылындағы орта мектепті тәмамдады.
1945 жылы сатушылар дайындайтын бір жылдық курсты аяқтап, 1946 жылдан бастап ауыл дүкенінде сатушы болып еңбек етті. Сауда саласындағы жұмысы арқылы ауыл тұрғындарының қажетін өтеп, адал қызметімен танылды.
1952 жылдан бастап Ленинский путь колхозында жылқышы болып жұмыс істей бастады. Бұл қызметте ол мал шаруашылығының маңызын түсініп, ауыл экономикасын нығайтуға күш салды. 1964-1968 жылдары бөлімше бригадирі болып, ауыл шаруашылығының түрлі салаларында ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті.
1968 жылдан бастап Оразалы ата скирдовчик қызметін атқарды. Жүгері мен бидай алқаптарынан жоғары өнім алудағы еңбегі ерекше бағаланды. Жүгері алқабынан 1 гектардан 60 центнерден өнім алғаны үшін “Ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегі үшін” медалімен марапатталды.Бидай алқабынан 30 центнерден өнім алғаны үшін «Еңбек ардагері» төсбелгісіне ие болды.
1987 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін, Оразалы ата ауылдың имамы ретінде рухани жолға түсіп, елді имандылыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқарды. Оның еңбегі мен білімі ауыл тұрғындарына үлгі болып, елдің құрметіне бөленді.
Оразалы атамыздың еңбек жолы – адалдықтың, төзімділіктің, ұрпаққа қызмет етудің шынайы көрінісі. Ол өзінің қажырлы еңбегі мен өмірге деген ұқыпты көзқарасы арқылы тек өз отбасына ғана емес, бүкіл ауылға ізгілік мұрасын қалдырды.
Оразалы ата тек еңбегімен ғана емес, отбасындағы өнегелі тәрбиесімен де ерекшеленді. Ол ұл-қыздарын жоғары білім алуға бағыттап, олардың өз саласында табысты тұлға болуына жағдай жасады. Қалмұратұлы Оразалының бес ұлы мен үш қызы бар. Әкеден алған өнегемен бүгінде ұрпағы ел қызметін жасауда. Қалмұратов Үмбетәлі Оразалыұлы – Бәйдібек ауданында әкімнің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 40 жасында дүниеден озғанымен, өз ісінде беделді тұлға болған. Қалмұратова Нұрханым Оразалықызы – неміс тілі пәнінің мұғалімі, бүгінде зейнеткер.Қалмұратов Әмзе Оразалыұлы – Түркістан облысы, Сайрам аудандық су шаруашылығы басқармасының басшысы. Қалмұратов Бегалы Оразалыұлы – Республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы акционерлік қоғамының президенті, физика-математика ғылымдарының докторы. Қалмұратова Бекзада Оразалықызы – «Защита Растении» АҚ төрағасының орынбасары. Қалмұратов Төрегелді Оразалыұлы – Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, “Өсімдік қорғау групп” АҚ президенті. Қалмұратова Балжан Оразалықызы – табысты кәсіпкер, “Алтын адам” тігін фабрикасының директоры. Қалмұратов Мұратәлі Оразалыұлы – Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, білім саласының меценаты.
Артына өшпес мұра қалдырған әке есімін ұлықтау мақсатында кіші ұлы Қалмұратов Мұратәлі Оразалыұлы 2023 жылдың 1- қыркүйек күні Қалмұратұлы Оразалы атындағы жалпы орта мектепті ашып, балалардың білім алуына өз үлесін қосты. Екі жыл ішінде бұл мектеп өз қызметін сапалы білім беру және оқушылардың жан-жақты дамуына бағыт беріп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде.
Мектеп ұжымы оқушыларға сапалы білім беруге ерекше назар аударып келеді. Заманауи оқу бағдарламалары, жаңа технологиялармен оқыту әдістері оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруға көмектесуде. Алғашқы оқу жылынан оқушылар түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Биылғы оқу жылында шәкірттеріміз өздерінің белсенді, білімді екендігін түрлі сайыстарда дәлелдеп, мектептің абыройын арттырды.
Мектеп тек білім беру емес, оқушылардың жан-жақты дамуына да үлкен мән береді. Түрлі үйірмелер, спорттық секциялар мен мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін өнер, музыка, шахмат және робототехника, шешендік өнер, математика, орыс тілі бағыттары бойынша үйірмелер жұмыс жасайды. Сонымен қатар, спорт секцияларында футбол, волейбол, және үстел теннисі сияқты ойындар өткізіліп, балалардың дене дайындығына көңіл бөлінеді.
Мектеп ұжымы білікті ұстаздардан құралған. Мұғалімдер тұрақты түрде біліктілігін арттырып, заманауи әдістемелерді қолдана отырып, оқушылармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олардың кәсібилігі мен жанашырлығы оқушылардың жетістікке жетуіне тікелей ықпал етуде. Іргетасы енді ғана қаланған білім ордасының қазіргі таңда білім сапасы мен оқушылардың жан-жақты дамуын қамтамассыз ететін сенімді мекеме ретінде танылды. Алдағы жылдарда бұл білім мекемесі өз жетістіктерін еселей түсетіні сөзсіз!
Өшпес мұра қалдыру – көп жағдайда адамгершілік пен еңбекқорлықтың жемісі. Қазақ халқы: «Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» демекші, атадан балаға берілген тәрбиені, өнегені, ақыл-парасатты Оразалы атаның ұрпағы елге жасаған ізгі істерімен көрсете білді.
Тилепбаева Багила Дайрабековна
Түркістан облысы, Шымкен қаласы, Абай ауданы,
» Тәуелсіздікке — 20 жыл» елдімекен,
Қалмұратұлы Оразалы атындағы жалпы орта мектеп